үй пәтер

Сейсенбі күні ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Ақтау қаласының 32 «а» шағын ауданындағы №19 үйдің 120 пәтерінің кілттері өз иелеріне табыс етілді. Қоныстанушыларын қабылдаған бұл тұрғын үй—2020 жылға дейінгі «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан жаңа үйлердің алғашқысы.

0180

Сыңғырлап тұрған су жаңа тұрғын үй жанына жиналған ақтаулықтарды тәуелсіздігіміздің тірегі, тұрақтылығымыздың кепілі болған Конституция мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Алик Айдарбаев бүгінгі таңда Ақтау қаласы бойынша тұрғын үй алу кезегінде 5000-нан астам адам кезекте тұрғанын, олардың 2000-нан астамы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар екенін айтты.

-Сіздер пәтер алудан үмітіңізді үзбей, жылдар бойы кезекте тұрып келдіңіздер,-деді Алик Серікұлы.-Бүгін пәтер кілттерін алатындар—қоғамымыздың қорғауына жататын азаматтар, Отан соғысының ардагері, блім беру, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері, ана-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Және бүгінгі пәтер кілтіне ие болатындардың 20 пайызы, яғни, 24 пәтер осы ата-аналар қамқорлығынан айрылған балаларымыз.

2009-2010 жылдар арасында барлығы 600-ге жуық үй берілсе, 2014 жылдан күні бүгінге дейін жас отбасыларға 420, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына 830 пәтер берілді. Жыл соңына дейін тағы да 360 пәтер пайдалануға берілетін болады. 2016 жылдың бірінші жарты жылдығында құрылыс жұмыстарының көлемі 61 миллиард теңге құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 46 пайызға артқан. Жалпы ауданы 400000 шаршыметр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы шағын ауданнан сметалық құны 1,8 миллиард теңгелік 120 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Қалған екі үйдің құрылысы жыл аяғына дейін бітеді. Жыл басында қалада 466 үлескер қатысатын 6 үлескерлік құрылыс нысаны бар болатын. Қазіргі таңда 447 үлескер қатысатын 4, оның ішінде мемлекеттің қолдауымен 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Бұл көрсеткіш Маңғыстау облысының құрылыс қарқыны бойынша республикамызда Астана, Алматыдан кейінгі үшінші орынға шығып отырғанын атап өту керек.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында барлық жаһандық дағдарыстарға, экономикамыздағы қиындықтарға қарамастан, біз әр кез қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып келгенімізге назар аударып, «Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады» деген болатын. Сіздердің бүгінгі қуанышқа бөленуіңіз Елбасы сөздерінің нақты дәлелі.

«Халқымызда: «Үй баласымен базарлы, қонағымен ажарлы» деген дана сөз бар. Үйлеріңіздің базары да, ажары да арылмасын», деп, игі тілегін жеткізген облыс басшысы пәтер алушыларға кілт тапсырды.

Жылдар бойы сарылып күткен үйлерінің кілтін алған азаматтар сөз кезегін алып, алғыс айтты.

-Менің балам туғаннан мүгедек,-деді Рысбибі Арқарбаева.-13 жылдан бері үй кезегінде тұрған ұлым биыл 21 жаста. Бұған дейін баспанамыз жоқ, әр жерде пәтер жалдап тұрып жүрдік. Бұл тірлігіміз, әсіресе, мүгедек балам үшін ауыр болатын. Енді, шүкір, өз үйіміз бар. Тұрмысы төмен азаматтарға осындай жағдай жасап отырған Президентімізге, жергілікті әкімдерге айтар алғысым шексіз.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

0194

0158

0347

0102