Ақтаудағы «Нұр» мейрамханасында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері ардагерлер кеңесінің мүшелері және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Басқосуды ашқан облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Есенәлі Иса шараның мақсатына тоқталып өтті. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялық және инжиниринг университетінде 300-ге жуық жастармен, дінтану, тарих пәндерінің мұғалімдерімен, облыстық жастар орталығында қала тұрғындарымен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен өткізілген және ел ағалары атанған азаматтармен өтетін кездесулерде экстремистік терроризмнің алдын алу, діни сауаттылықты арттыру, қоғамдағы діннің рөлі туралы мәселелер көтерілуде.

IMG_8909

Философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай ел арасына саляфилік бағыттың елеусіз еніп кетуінің кейбір себептері жайында әңгімеледі.

-Біз егемендігімізді жариялаған кезде мемлекет деген құрылымның көптеген қабаттары дайын емес еді. Соның бір қабаты—дін,-деді ол.-Дінді кеңестік жүйе кезінде атеистік идеологиялық тұрғыдан қарағанымыздан дінге қандай принциптер керек екенін, оны қандай орталықтар жүргізеді, қандай мамандар даярлануы керек, сенімнің негізгі ықпал-күші қандай деген сияқты мәселелерге таладу жасалмаған болатын. Ондай мекмемелер де болған жоқ. 1991-1998 жылдар аралығында сараптама орталықтарының барлығы Мәскеумен байланысты болды. Біраз уақыттан кейін ғана бізде комитеттер, агенттіктер ашылып, бірде жабылып жатты. Бұл діни сабақтастық, діни тәжірибенің болмауынан. Кеңестік жүйе, одан бұрынғы отарлық жүйе, басқа да байланыстардың арнасы бар да, өзі жоқ. Қазір шүкір, діни тіршілік қалпына келе бастаған кезде үрей мен үміт қатар пайда болды. Өз арамыздан қауіпті діни топтар шықты. Соның бірі барлығыңыз білетін саляфизм. Бұған тарихи, саяси және ғылыми негізде жауап берілуі керек. Тарихи жауап беру деген сөз біздің қазақта ислам қалай қалыптасқанын білу. Қазақстанда 2004-2009 жылға дейін «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылды. Сол бағдарлама аясында исламға қатысты бірнеше еңбектер шығарылды.

Сондай-ақ саляфилік-уахабилік ағымдардың әхли суннада қалыптасқан төрт мазхабты да мойындамайтынын қаперге берген Досай Тұрсынбайұлы бұл ағымдарға жауап ретінде сол кездегі біздің қоғамдық институттардың, әсіресе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баяндамалары, ұсыныстарының негізінде дін туралы Заңға өзгерістер енгізілгенінен хабардар етті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уағыз насихат бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы, ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат Оңғаров:

-Исламның, ата дініміздің атын жамылған ағымдардың көбеюі—бүкіл қазаққа төнген қасірет. Жат ағымдардың теріс әрекеттері, олардың тіпті қанды оқиғаларға араласуы жанды ауыртады. Ал бізде «Не өткізіп алдық? Қандай жұмысымызда кемшілік болды?» деген сұрақтар туындайды. Ал адамдар соңғы кінәлі адамды іздеуге құмар ғой. Сондай кезде алдымен мешіттерді кінәлайтыны шындық. Сосын жеріглікті билікті, біреу қарулы күштерді, Ұлттық қауіпсіздік комитетін кінәлайды. Бірақ барлығымызға ортақ қауіп төніп тұрған кезде кінәлі адамды іздегеннен гөрі жұмыла бірігіп, жұмыс істеген жөн,-деп, жат ағымдарға қарсы біріге күресуге шақырды.

Бүгінде көптеген адамдардың дін істері басқармасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атауын бірінен бірі ажырата алмай қалып жататыны шындық. Жақында ҚМДБ атауы өзгеруі мүмкін екендігін айтқан Ершат Ағыбайұлы діни басқармада атқарылған қайырымдылық шараларға тоқталды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дін істері комитеті жанындағы дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірасылқызы бүгінгі таңдағы діни ахуал жайын баяндап, радикалды ағымдар мен дәстүрлі діндер арасындағы айырмашылықтарды түсіндірді.

Бектұр Төлеуғалиев, Айтуар Өтегенов, Нияз Тобыш, Мәтжан Шаулиев сынды танымал ақсақалдар мен азаматтар жастар арасында кең тараған жат ағымдардың қаупі, жастарды уахабилік ағымдардан сақтандыру жолдарына байланысты ұсыныс-ойларын ортаға салды.

Валентина Қозыбақова
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

IMG_9011

IMG_8894

IMG_8977

IMG_8929