Қазақстан Республикасының Коституциясына 21 жыл толу мерекесі аудандық мәдениет үйінде аталып өтілді. Оған ауданның барлық елді мекендерінен келген жұртшылық өкілдері қатысты.

Сахнаға Мемлекеттік ту әкелініп, Әнұран орындалды. Алғашқы құттықтау сөзін аудан әкімі Темірбек Асауов алды.

-Конституция – елдің әрбір азаматының жеке басының тәртібі, азаматтардың ара қатынасының тәртібі, елдің ішкі тәртібі, сыртқы тәртібі, ел аралық қатынастардағы тәртібі, азаматтар мен билік арасындағы тәртіп, азаматтар мен биліктің барлық буындарының халық алдындағы, мемлекет алдындағы, Отан алдындағы жауапкершілігі. Халық Батыры Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөзі бар: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды». Конституция – міне, осындай тәртіптер туралы заңдар жиынтығы, -деді аудан басшысы.

Аудан басшысы сонымен қатар өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, толайым табыстар барлығын сөз етті.

Кезек марапаттауға келді. Президент Жарлығымен көп бала туып, тәрбиелеп өсірген Пишахан Аннебахыт омырауына «Алтын алқа» тақса, Атағараева Колғанат, Балғабай Айнұр, Қойбағарова Гүлжамал, Өтеева Ақмарал «Күміс алқалы» болды. Жерлестеріміздің үлкен бір тобы облыс әкімінің, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар өндірдей 3 жас жігіт – Нұрлыбай Шаңытбаев, Әліби Нұрасылов, Нұрбек Ізтілеуов – ауыр қылмыстың ашылуына көмектескені үшін «Бейбіт өмірдегі азаматтық белсенділігі үшін» марапат иесі атанды.

Аудандық мәслихат хатшысы А.Досанова мен қалалық Ардагерлер атынан Б.Таңғұлов және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Д.Садықов қолынан тағы бір топ жас «Нұр Отан» партиясына мүшелік билеттерін, төлқұжаттарын және еңбек кітапшаларын алды.

Салтанатты жағдайда өткен Ата заң мерекесі ән-бимен айшықталып, әдемі өтті. Ал кешкісін Иса-Досан батырлар алаңында «Толқын» вокальды-аспаптар ансамблінің концерті болды.

Анар РАХИМБЕКОВА
Фотоға түсірген автор

Түпқарағандықтар конституция күнін атап өтті

28

26