колледж жұмыспен қамту

Маңғыстауда жыл басынан бері 26,6 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 85% тұрақты негізде. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен аппараттық жиында айтылды.

Басқосуда Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қуаныш Берішбаев «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының» алдын ала қорытындыларына тоқталды. Биыл бағдарламаны іске асыруға 2,8 млрд.теңге қарастырылған.

«Бағдарлама аясында 1131 адамды 15 ұйымда оқыту көзделіп отыр. Ең алдымен, ҰБТ тапсырмаған және оқу орындарына түспеген мектеп түлектері. Студенттер тегін оқиды, сонымен қатар стипендия төленіп, күніне бір рет ыстық тамақ беріледі. Басқа қалалардан келгендерге жол жүру және тұру шығындарға материалдық көмек көзделген. Сондай-ақ колледжде және оқу орталықтарында 712 адам қысқа мерзімді курс оқыды. Оқу мерзімі-еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 1 айдан 6 айға дейін. Оқудан кейін 187 адам жұмысқа орналастырылды», – деді ол.

«Атамекен» ҰКП Маңғыстау облысы бойынша басшысы Нұрбек Қарасаевтың айтуынша, «Бастау Бизнес»» бағдарламасы бойынша 880 адам оқытылып, жалпы сомасы 605,2 млн. теңгені құрайтын 192 жоба жүзеге асырылған.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 341 жобаға 1 244,89 млн. теңге бөлінді, оның ішінде 712 500 млн. тенгені құрайтын 187 жоба іске асырылды», — деді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.

Шағын және орта бизнес саласында 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 543,3 млн.тенгені құрайтын 37 жоба, 103 жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Бұл туралы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева мәлімдеді.

«Ақтау және Жаңаөзен қалаларында шағын несиелеуге 543 263 мың теңге бөлінді, бұл 2017 жылға қарағанда 2,2 есе көп», — деді ол.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы, жыл басынан бері 26,6 мың жаңа жұмыс орны ашылса, оның ішінде 85% тұрақты негізде. Облыс бойынша бағдарлама аясында 19,1 мың адам, оның 13,9 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған.

«Халықтың табыс деңгейін арттыру тармағы бойынша бүгінгі күні облыста табысы 42,5 мың теңгеден кем 39 889 қызметкерге төмен еңбекақы төленеді. Бюджеттік ұйымдарда жалақысы төмен 24 251 қызметкердің жалақысын арттыруға 2019 жылға арналған республикалық бюджеттен 3,2 млрд.теңге көзделген», — деп атап өтті экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлбекова.

Сонымен қатар, облыста 50 компания жалақысы төмен қызметкерлерге жалақы мөлшерін арттыруға дайын екендіктерін мәлімдеп отыр.