Әскери-теңіз

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері бас штабының бастығы бірінші дәрежелі капитан Марат Жаневтың басшылығымен және Әскери-теңіз күштерінің старшинасы штаб-старшина Айдаулет Урдабаевтың жетекшілік етуімен Ақтау қаласындағы 29011 әскери бөлімінің оқу орталығында кемелік кіші мамандарды даярлау курсында оқып жүрген старшиналар құрамымен кеңес өткізілді.

Аталған кеңес келешек кемелік мамандарға кемеде қызмет ету шарттары мен жағдайларын түсіндіру арқылы оларға келешекке бағыт-бағдар беруге бағытталды.

— Кемелік кіші мамандарды даярлау курсы Әскери-теңіз күштерінің Даярлық жоспарына 2014 жылдан бастап енгізілген еді. Мақсаты – ұрыс кемелеріне кіші мамандарды даярлау. Оқу мерзімі 3 айға созылады, аталған мамандар курстан алған тәжірибесі бойынша әрі қарай кемеге қызмет етуге жөнелтіледі, – дейді осы жөнінде хабарлаған капитан Ж.Тұяқбаева.

Тағы оқыңыздар: Ақтауда спорт кешені ашылды

Сондай-ақ оның айтуынша, Қазақстанның әр облысынан әскерге келісімшарт бойынша шақыртылған, әскери теңізші қатарында қызмет етуді таңдаған азаматтар  Әскери-теңіз күштерінің оқу орталығында міндетті түрде осы курстан  өтеді, курс аяқталысымен старшиналарға сертификаттар табысталады және үшінші сыныпты маман біліктілігі беріледі.

Шахида ЖҰМАН