Әр пенденің құлшылық ниетімен жасаған ісі тек өзі үшін. Алла оның ешбіріне мұқтаж емес. Сол секілді құрбандық шалу да пенденің атқаруы тиіс сауапты амалдың бірі. Бірақ құрбандықты жағдайы келген мұсылман адам  ғана шалады. Мүмкіндігі шектеулі жанға міндет емес.

Мұсылман адам әрбір ісін шынайы ықласпен орындағанда ғана Алланың мейіріміне бөленетін болады. Мұсылманның бұл өмірдегі мақсаты Жаратушының разылығын алу әрі Оның мейір-шапағатына бөлену. Олай болса, құрбан шалғанда ең басты іс—ниет дұрыс болуы керек. Қайшы жағдайда Алла тағала пенденің шалған құрбандығына немесе оның етіне мұқтаж емес. Құранда бұл жайында былай деп ескертуде: «Олардың еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» (Саффат сүресі, 107-аят).

Құрбан шалуға қатысты ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» (Тирмизи)

Құрбан шалу сәтінде біздің шынайы ниетіміз бен амалымыздың үйлесімдігі қажет. Егер көрер көзге, мақтан үшін, ой пәленше құрбан шалыпты деген сөзді есту үшін шалатын болса, ол әрекеті үшін сауап емес, күнә жазылатын болады.

Пенде шынайы ниетімен құрбан шалу арқылы шексіз сауапқа кенеледі. Шалған құрбан малының терісіндегі әрбір қыл үшін сауап жазылатынын ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) сүйіншілеген. Бірде сахабалар Пайғамбарымыздан (с.а.у.):

-Ей, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не? Пайғамбарымыз (с.а.у.):

-Құрбандық сендердің Ибраһим бабаларыңнан қалған сүннет, — деді.

-Одан бізге қандай сауап бар? – дегенде Пайғамбарымыз (с.а.у.):

-Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар, — деп жауап береді. Сонда сахабалар:

-Қойдың жүнінен ше? – дегенде Пайғамбарымыз (с.а.у.):

-Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады, — деп жауап қатты (Ибн Мажә).

Құрбан шалу Ибраһим пайғамбардан қалған сүннет. Қисса бойынша Ибраһим пайғамбар бірде мыңға жуық малды құрбандыққа шалады. Оның әрекетіне таңырқаған жамағаты: «Әй, Ибраһим! Сен неткен жомарт едің. Осыншама малды құрбандыққа шалу ешкімнің қолынан келмейді», — дегенде, Ибраһим пайғамбар: «Бұл Раббымның маған берген нығметі. Егер де, перзентім болса, оны да Раббым үшін құрбандыққа шалар едім», — дейді. Ол кезде Ибраһим пайғамбардың перзенті жоқ еді. Арада жылдар өтіп, шаңырағында ұл перзент дүниеге келеді. Оның есімін Исмайыл деп қояды. Баласы тоғыз-он жасқа таяған шағында Ибраһим пайғамбар түс көреді. Уақтысында айтқан сөзі есіне түсіп, уәдесін орындамақ болады. Ұлы Исмайылды тау басына апарып, аяқ-қолын байлап, құрбандыққа шалмақ болады. Нәзік тамағына алмастай өткір пышағымен тартып қалғанда, Алланың әмірімен пышақ өтпей қалады. Тағы қайталап тартқанымен пышақ өтпейді. Алла Тағала пендесі Ибраһимнің ықыласын қабыл алып, бауыр еті баласын құрбандыққа шалдырмастан, орнына көк қошқарды тарту етеді. Жәбірейіл періште жәннәттан көк қошқар алып түседі. Ибраһим пайғамбар Алланың кеңшілігіне шүкір етіп, жәннәттан түскен қошқарды құрбандыққа шалады. Осыдан кейін құрбан шалу–Ибраһим  пайғамбардан қалған сүннет болып бекітіледі.

Ай күнтізбесі бойынша 12 айдың соңғысы зулхижжа. Зулхижжаның 10-шы күніне сәйкес келетін құрбан айт күні исламның бесінші парызы болған қажылықты өтеу үшін милиондаған мұсылман Меккеге сапар шегеді. Қасиетті Мекке шаһарында Аллаға мінәжат жасап, Қағбаны тауап етіп, Сафа мен Маруа жотасы арасында жеті рет жүріп, қажылық міндетін өтейтін болады. Әлемнің әр түкпірінен жиналған милиондаған қажылар қасиетті Мекке топрағында қажылықтарын өтеп жатқанда өзге мұсылмандар айт күндері құрбандық шалып, мерекелеп жатады.

Құрбан шалу тек сауапты амал ғана емес, пенденің өткен күнәсінің кешірілуіне себеп болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ей, Айша! Құрбан шал және оны куә ет, жерге аққан бір тамшы қан үшін Алла сенің өткен күнәларыңды кешіреді. Айша: Ей, Алланың Елшісі! Бұл бізге ғана ма, әлде бүкіл мұсылмандар үшін де осындай ма? – дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бізге және бүкіл мұсылмандарға»,-деп жауап қатты.

Шариғат бойынша құрбандыққа шалған малдың етін мұқтаж жандарға таратып беру керек. Дегенмен етті үшке бөліп, бір бөлігін өз отбасына алып қалуына рұқсат етіледі. Шалған құрбандық малдың етін таратып берген секілді терісін де беріп жіберу керек. Құрбандықтың терісі үйінде қалмауы тиіс. Терісін алатын адам болмаса, сатып, ақшасын садақа ретінде беру керек.

Тағы оқыңыздар: «Қайырымдылық акциясы» өткізілді

Қадірменді ағайын! Мемлекеттік мереке ретінде бекітілген құрбан айтты ел халқы болып тойлауымыз егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің берген сыйы деп білеміз. Ол үшін осынау қасиетті құрбан айт күндері баршамыз еліміздің тыныштығы, халқымыздың бірлігі, тәуелсіздігіміздің мәңгілігі үшін Жаратқаннан жалбарына дұға етіп сұрайық. Мүмкіндігімізге сай құрбан шалып, бір-бірімізді айтпен құттықтап, өкпе назымызды кешіре білейік. Жағдайы төмен отбасыларға құрбандық еттерін таратып, сауапты істен қалыс қалмайық.

Айт құтты болсын ағайын!

Смайыл СЕЙТБЕКОВ,

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы