Маңғыстау облысы әкімдігінде аппарат мәжілісінің кезекті отырысы өтті. Басқосуда қауіпсіздік, жер телімдерін заңсыз игеру, көгілдір отын құю бекеттеріндегі  ұзын-сонар кезектер, ішкі саясатты іске асыру тетіктері және ҰБТ қорытындылары мәселелері сөз болды.

Қаланың ішкі мен сыртқы аумағын күл-қоқыстан арылту, үйінді қалдықтардан тазарту мәселесі қала әкімінің назарына берілді. Жер бөліктерін заңдастыру, нақты мақсатта игерілуін қадағалау облыстық жер  қатынастары басқармасына міндеттелді.

«Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөліміне, аудан әкімі назарына бірнеше ұсыныс бердік. 2017 жылдың сәуір айынан бастап біздің мал бағатын өрісімізді белгісіз адамдар заңсыз топырақ өндірісі карьеріне айналдырды. Үлкен көліктермен топырақ тасып, жеріміз бен шөбіміздің тас-талқанын шығарып отыр.  Онсыз да бірнеше жыл қуаңшылықты бастан өткердік. Заңсыз карьер өкілдері түнде, халық ұйқыға кеткенде топырақ тасиды. Себебі ұрлық қой. Соңғы кездері мұндай әрекеттер күндіз де орын алып жүр» делінген екен азаматтар арызында. Өңір басшысы шағымды негізге ала отырып Мұнайлы ауданы әкіміне қатаң ескерту жасап, заңсыз  жер телімін игеруге тосқауыл қою, жауапты тұлғаларды заң аясында жазалау әрі күл-қоқыс-қалдықтарын жуық арада арылту міндетін жүктеді.

Басқосуда ішкі саясат басқармасының басшысы Звира Түгелқызы ағымдағы жылы атқарылған іс-шаралар барысын баяндады. Әсіресе,  жергілікті мемлекеттік органдардың желідегі ғаламтор парақшаларына жүргізілген мониторинг нәтижесі талқыланып, кемшін тұстары назарға берілді.

«Ресми парақшаларда мемлекеттік қызмет көрсету, заңдар мен қаулылар, стандарттар мен регламенттер, статистикалық деректер, жаңа жобалар жайлы мүлдем ақпарат жоқ. Ауыл шаруашылығы, жер-су қатынастары, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаларға қатаң ескертемін. Осы бағытта жұмыс жандануы тиіс»,-деді өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы.

Ішкі саясат басқармасы мемлекеттік рәміздердің қазақстандық патриотизм мен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудағы рөлі мен маңызын айқындауда басты рөл ойнайды. Осыған байланысты басқарма тарапынан рәміздерді заң аясында дұрыс қолдану қатаң қадағаланып, жүйелі бақылау жүргізіледі. Звира Түгелқызы мемлекеттік мекемелер ғимараттарындағы мемлекеттік рәміздердің заңда көрсетілген талаптарға сәйкес жаңартылуына аса мән беруді міндеттеді.

Сондай-ақ мәжіліс отырысында өңірлік БАҚ құралдары құрылымы, қызметінің жай-күйі, даму жоспары талқыланды. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Құрманбек Жұмағалиұлы мәлімдеді. Ол республикалық теле және баспасөз құралдарында өңір туралы ақпарат үлесін арттыру, бас телеарналар, халық етене таныс, рейтингі жоғары сайттар және баспасөз құралдарымен бірлесе қызмет ету мәселесін көтерді.

«Облыс әкімдігінің ресми парақшасы дизайны өзгертіледі. «Маңғыстау-Медиа», ОКҚ мен облыс әкімдігінің сайтында бірдей ақпарат жарық көреді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы және «Маңғыстау-Медиа» ұжымымен бірлесе өңір туралы бейнеүзінділер топтамасы жинақталуда. Сонымен қоса, екі қала мен барлық аудандағы әкімдіктердің баспасөз хатшыларының басын біріктірген арнайы жұмыс тобын құру қажет», — деді Құрманбек Жұмағалиұлы.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде «Мен маңғыстаулықпын», «Ақтау — менің сүйікті қалам» тақырыбында арнайы парақшалар ашылды. Аталған парақшаларда  өңір тынысы, тарихы, танымал тұлғалары турасында ақпарат жарық көреді. Сонымен қатар, республикалық блог-турлар ұйымдастырылған. Республикаға танымал он блогер өндіріс,  туризм және экономика саласындағы тың жаңалықтар жайында халықты құлағдар етеді. Жыл аяғына дейін Маңғыстау өңірі жайлы 30 бағдарлама көрерменге жол тартады. Бас телеарнадан түбекке табан тіреген 8 түсірілім тобы сан түрлі сала туралы ақпарат таратады. Қазіргі таңда Каспий маңы, нақтылап айтсақ Әзірбайжан, Түркіменстан елдері және Ресейдің Астрахань қаласымен өзара ақпарат алмасу турасында келіссөз жүргізілді.

«Ақпараттық саясат түбегейлі өзгертілуі тиіс. Бұрынғы қарқын күшейтіледі. Республикалық ақпарат кеңістігінде жергілікті БАҚ құралдарының рейтингісін көтеруге аса мән беріледі. Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыстанады. Ақпарат саласындағы барлық  мәселелер жуық арада шешімін табуы қажет», — деді Ералы Лұқпанұлы.

Мәжіліс отырысында биылғы ҰБТ қорытындылары турасында білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова баяндады. Облыс бойынша орта оқу ордаларының білім беру сапасы, деңгейі мен нәтижелері талқыға салынды. Алдағы жұмыс жоспары таныстырылды.

«ҰБТ-да  шектік балға жетпегендер 19-24 тамыз аралығында қайта кешенді тестілеу тапсырады. 23-31 шілде аралығында мемлекеттік грантқа конкурсқа құжаттар қабылдануда. Конкурс нәтижесі 10 тамызға дейін баспасөз беттерінде жарияланады»,-деді З.Тастемірова.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Cуреттерді түсірген Cерік МАЙЕМЕРОВ