Қазіргі таңда меншік түрлерінің көбеюі мен нарықтық қатынастардың орнауынан жеке тұлғалар арасында кикілжің де көбейді. Қарапайым дүкендегі ұрыс, отбасылық мәселелер, жер даулары секілді ұсақ-түйек істермен ел сотқа жүгініп жатыр. Еліміздің кей облыстарында сотқа түскен істердің 35%-ын ұсақ-түйек даулар құраған. Осындай дауларды сотқа жеткізбей-ақ, тараптарды татуластыруды көздеген медиатор мамандар біздің қаламызда да жоқ емес. Солардың бірі Мадина Сидназарқызы Ақмұрзаевамен сұхбаттасып, аталған саланың «асханасынан» біраз ақпар алдық.

— «Заң мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді зауыты» деген еді белгілі жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза. Дауды реттеу барысында медиация туралы қандай заңға жүгінесіздер?

— Уақыт талабына, заман сұранасына қарай медиация туралы Заң қабылдау қажеттілігі туып, бұл мәселе шешімін күтіп жатқан еді. ҚР «Медиация туралы» заңы 28.01.2011 жылы қабылданып, заң талаптарына сәйкес қолданысқа енгізілді. Ал, 2013 жылдың 20 қарашасында Елбасының қатысуымен өткен Қазақстан Республикасының судьяларының 6-съезінде құқық және заң саласындағы өзекті сұрақтар көтерілген болатын. Аталған съезде еліміздің әр аймақтарындағы судьяларға іс жүргізу барысындағы жүктеменің көп екендігі айтылды. Ал, бұл мәселенің оңтайлы шешімі — медиация рәсімі арқылы талаптар арасындағы дауды шешу екені белгілі. Құқығы бұзылса болды, сотқа жүгіну арқылы қорғану деген көзқарас ескірген деп түсінуіміз қажет. Келіспеушілік туған тараппен келіссөзге келместен, тікелей сотқа жүгінудің орнына кәсіби медиаторлардың құқықтық көмегіне жүгіну арқылы дауларды шешуге болады. ҚР «Медиация туралы» Заңының 3 бабының талаптарына сәйкес медиацияның мақсаттары мыналар болып табылады: 1) дауды (даушарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, 2) тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Осы Заңның 4 бабының талаптарына сәйкес медиация еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, рәсімге араласуға жол бермеушілік және құпиялылық қағидаттары негізінде жүргізіледі.

— Қазірга таңда қызметтің қай саласында болмасын дамыған елдерге қарап бой түзеу әдетке айналды. Әлемдік экономиканың алпауыттары мен державаларда аталған сала қаншалықты дамыған? Еліміздегі медиация тәжірибесімен салыстармалы түрде көрсеткіштерге тоқталсаңыз…

— БҰҰ-ның халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы медиация туралы заңның үлгісін әзірлеген болатын. Мәселен, АҚШ-та экономика, саясат, бизнес саласында медиаторсыз бірде-бір маңызды келіссөз жүргізілмейді. Құрама Штаттарда сот талқылауына жетпей шешілетін даулардың көрсеткіші 95%-ды құраса, Словенияда 35%, ал Ұлыбританияда 87%. Соңғы айтылған елде медиация әдісі өте кең тараған. Тіпті, медиаторға байланыс желісі арқылы кез келген жерден қоңырау соғып, жанжалды сипаттап, өздерінің талаптарын білдіре алады. Германияда бітімгерлер тікелей соттардың жанында жұмыс істейді. Бүгінде бұл мемлекеттерде медиация азаматтық істерді ғана емес, әкімшілік істер бойынша да қолданылады.

— Оқырман қауымға медиация ұғымын терминология не заң саласынан емес, шы- найы өмірде орын алған тәжірибеңіздегі мысалдармен бөліссеңіз…

— Өз тарапымнан келген екі тарапқа да психологиялық тұрғыдан ақыл-кеңестер бере отырып, отбасын сақтап қалу маңызды екенін айтып және де мейілінше бір- біріне түсіністік танытып, кешіріммен қарап, дауларының ушығып кетпей, екі тараптың да татуласқанына ықпал жасаймын. Отбасылық даулардың шығу себептері көбіне отағасының жұмыссыздығы, отбасындағы материалдық жетіспеушіліктер мен ішімдікке салыну салдарынан болып жатады. Сондай дау-шаралардың маған келіп, оң шешімін тауып кеткен істерден мысал келтіре кетсем. А. деген азаматша жолдасы Н.деген азаматтың үстінен үйіне ішіп келіп ұрыс-керіс туғызғаны және боқтап-балағаттағаны үшін арызданған. Алайда, ерлі-зайыптылар маған келіп, ақыл-кеңес алып, нәтижесінде бір-бірімен бітімгерлікке келіп, бір-бірін кешіріп, оң шешімін тауып татуласты. Сондай жағдайлардың бірі қайынатасы мен келіні арасында да орын алды. Атап айтқанда, келіні А. деген азаматша қайынатасы Қ. деген азаматтың үстінен үйіне мас күйінде келіп, дау-жанжал шығарып, боқтап-балағаттағанына байланысты арызданған. Алайда сол дау- шараларын шешу үшін менің қызметіме жүгініп, берген кеңесімді дұрыс қабылдап, атасы мен келіні бір-бірін кешіріп, бітімгерлікке келіп, татуласқан. Маған келетін дау-шаралардың көпшілігі осы сынды отбасылық даулар, ұрыс, қарыз ақша өндіру, жер дауы мен жол-көлік оқиғасы салдарынан туындаған даулар. 2013 жылдан бері кәсіби медиатор тәжірибемдегі дау-шаралардың 80 пайызы оң шешімін тапты деп айта аламын.

— Тұрғындар сіздің қызметіңізге қандай мекен-жайға хабарласу арқылы жүгіне алады?

— Қазіргі уақытта қалалық сот ғимараты ішінде және Ардагерлер үйінің 2-қабатында орналасқан кеңседе жұмыс жасап жатқан жайым бар. Тұрғындар жанжалды жария қылмай, үздіксіз сот процестеріне сабылып, денсаулығына да зиян келтірмей, оңтайлы жолға жүгінсе деген ойым бар.

ТҮЙІН: Медиатор тәжірибесінде көбінесе отбасылық даулар кездесетіні белгілі болды. Ондай жанжалдардың сотта жарияланып, туған бауырлар арасындағы сыйластықтың азайып, салқынқандылықтың үстем болуы жиі орын алатын көрінеді. Мұндайда «Қазақтың Нострадамусы» аталып кеткен Әбілқайыр ханның кеңесшісі Мөңке бидің: «Ішіне шынтақ айналмайтын Ежірей деген ұлың болады, ақыл айтсаң ауырып қалатын Бедірей деген қызың болады, алдыңнан кес-кестеп өтетін Кекірей деген келінің болады» деген толғауы еріксіз еске түседі. Жеті атадан қыз беріспеген қазақтың тектілігінің бір отбасы мүшелерінің бірін-бірі сотқа беруіне жеткені қай оңғаны? Отбасылық мәселеңіз ошақтан асып, шешімі күрметіліп бара жатса, сотқа жүгінбей-ақ, бейбіт жолмен шешілгенге не жетсін?!

Сұхбаттасқан Асқар СӘТМАҒАНБЕТ