ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Қазақстанның аймақтарындағы тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Бүгінгі күні қала әкімдігі, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы тарапынан қала тұрғындарының ЭКСПО-2017 көрмесіне барып, тамашалауын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңаөзен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің берген соңғы мәліметі бойынша, көрмені 4400-дей қала тұрғыны тамашалап үлгерген.
Осы орайда, мекеме, кәсіпорын, оқу орындары, қоғамдық, мемлекеттік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен қала тұрғындарының көрмеге баруын ұйымдастыру мәселелеріне қатысты жиналыс өтті. Отырыста көрмеге өңір халқының өздерінің бару деректері бар екендігі айтылды. Мысалы, Астана қаласына спорттық жарыстарға барған 22 спортшының көрмеге баруын 2 жаттықтырушы ұйымдастырған.
«Өзенмұнайгаз» АҚ- ға мұнай саласында ұзақ жылдар еңбек еткен, қаланың экономикалық, әлеуметтік дамуына үлес қосқан қаланың 20 зиялы қауым өкілдерінің, еңбек ардагерлерінің, сондай-ақ 30 мүмкіндігі шектеулі жандардың (ересектер, балалар) көрмені көріп, тамашалауына қолдау көрсету ұсынылды. Оған қоса, «ЭКСПО-2017» көрмесінің ресми туроператоры «Complete Service» халықаралық туристік компанияcымен қала халқының Астанаға, көрмеге барып қайтуды ұйымдастыру қызметтері бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған. Жұмысшы-қызметкерлердің Астана қаласына іссапары, еңбек демалысындағы адамдардың, жазғы каникулдағы оқушылардың ағайын-тумаларына қыдырып баруы кезінде көрмеге барып, тамашалауы да ескерілуде. Көрмеге билеттерді «Қазпошта» бөлімшесі арқылы сатып алу, бағасы жөнінде мәліметтер жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланып отырғандығы айтылды.
Жалпы, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін Астанада өткізу — Қазақстандағы негізгі ірі жобалардың бірі. Мұндай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру туралы бастама Мемлекет басшысына тиесілі. Астанадағы бүкіл әлемдік көрме 3 айға жалғасады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10 халықаралық ұйым қатысуда. Осы көрмеге қаламыздағы «Тазалық» кәсіпорынынан 20 қызметкер жолдама алды. Бұл мекеме қаламыздың көгалдандыру жұмыстарын 2013 жылдан бастап атқарып келеді. Жаңаөзен қаласының орталық көшелері мен демалыс орындарына гүлзарлар, тал-теректер егіп, жасыл желекке айналдырды. Бір сөзбен айтар болсақ, «Тазалық» кәсіпорны қаламыздың көркеюіне бірден-бір үлес қосып, ауқымды жұмыстар жүргізуде.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 25 шілде күні «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесінің 46-шы күні өтіп, түскі 1-лер шамасында 1,5 миллионыншы көрермен көрмені тамашалаған. Естеріңізде болса, миллионыншы келуші 11 шілде күні тіркелген еді. Ресми мәліметке сай, көрмені көру үшін күн сайын 40 мыңнан астам адам келеді. Ал, адам ең көп келетін павильондар тізімін Қазақстанның «Нұр Әлем» шары, Аф- рика плазасы, Мысыр, Үнді елдері бастап тұр. Бұдан бұрын, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының төрағасы Ахметжан Есімов 3 ай бойы жалғасатын көрмені 5 млн-нан астам адам көреді деп топшылаған болатын.

Жаңаөзен-Ақпарат