«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ өндірістің жаңа технологиялық процестерін енгізу аясында және дәнекерлеу өндірісінің заманауи әдістерін меңгеру, жұмыс сапасының өнімділігін арттырып, компанияның еншілес тәуелді ұйымдары қызметкерлерінің жұмысын жетілдіру мақсатында дәнекерлеушілерді оқыту жұмыстарын ұйымдастырды.
Жоба «Өзенмұнайгаз» АҚ қаржылық қолдауымен өткізіліп жатыр.

Дәнекерлеушілерді оқыту жұмыстары басталмақАйнұр Келтірқызы Шаненова «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ мұнай- сервистік жобалар жөніндегі басқарушысы:

— Қазіргі таңда мұнай-сервистік компаниялардың ішінде «Кен-ҚұрылысСервис», «ӨзенМұнайСервис» және «СӨТБ» ЖШС-ның дәнекерлеушілерін жоғары және жаңа халықаралық талаптарға сай білім деңгейін арттыру мақсатында аталған жоба ұйымдастырылып отыр. Жобаға «Өзенмұнайгаз» АҚ тарапынан 16 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Оқуға 57 адам қатысады. Мақсатымыз — «Өзенмұнайгаз» АҚ-на көрсетілетін мұнай-сервистік қызметтердің сапасын арттырып, аталған компанияның мұнай өндірудегі жоспарын қажет деңгейде орындауына атсалысу, сонымен бірге барлық сервистік компанияларды жоғары халықаралық деңгейге жеткізу. Ол үшін техникалық жарақтандырумен қатар жұмысшылардың білім деңгейлерін де арттырып дайындауымыз керек. Жұмысшыларға оқу аяқталғаннан кейін халықаралық үлгідегі сертификаттар беріледі. Мұның барлығы компания мамандарының деңгейін халықаралық стандарттарға сай көтеру аясында жасалып жатқан жұмыстар.
Оқуға «Кен-Құрылыс Сервис», «Өзен-МұнайСервис», «СӨТБ» ЖШС дәнекерлеушілері қатысады. Оқу үш кезеңде өтеді. Алғашқы сынақ — дәнекерлеушінің жалпы дайындық деңгейін айқындау үшін өткізілетін тестілеу сұрақтары. Одан кейін теориялық кезең мен практикалық жұмыстар. Практикалық бөлік — өнімділігі жоғары жартылай автоматты дәнекерлеумен өтетін болады. Бір топтың оқу уақыты 10 күнге созылады. Жалпы оқыту жұмыстары тамыздың 7-нен басталып қазан айына дейін жалғасады деп жоспарланып отыр. 

Серікбай Оразұлы Қаржаубаев, «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС қызметкері:

— 1979 жылдан бері осы салада еңбектеніп келемін. 5-ші дәрежелі дәнекерлеушімін. Осы уақытқа дейін біз автоматтандырылмаған, яғни қолмен дәнекерлеу аппараттарымен жұмыс жасап келдік. Енді жартылай автоматты құрылғыны іске қоспақ. Бұл оқу — соған дайындық жұмыстары. Бүгін оқудың алғашқы байқау күні. Үйренетін жаңа нәрселеріміз алдағы уақытта еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймын. Осындай мүмкіндіктер беріп отырған ұйымдастырушыларға көп рахмет.

Жаңаөзен-Ақпарат