Маңғыстау облысының Тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы қаламгер, қазақтың біртуар ұлы, қасиетті Маңғыстаудың төл перзенті, Алаш ардақтысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығына арналған көркемсөз оқу шеберлерінің «Аңызға айналған абыз» республикалық байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті.

Әбіш Кекілбайұлын еске алу, шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу мақсатында өткен облыстық байқауда қала және аудандардан іріктелген 18-30 жас аралығындағы 15 қатысушы абыз атамыздың шығармаларын мәнерлеп, нақышына келтіре орындаудан сайысқа түсті.

Байқау 2 бөлімнен тұрды: Кекілбайұлының поэзиялық шығармасынан үзінді оқу және Әбіш Кекілбайұлының драмалық шығармасынан қойылым ұсыну.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдеге — Жаңаөзенқаласы, О.Тұрмағанбетұлы атындағы Жаңаөзен мұнай газ колледжінің студенті Абусалим Тобагулов, І орынғаБейнеу ауданы,Сам орта мектебінің мұғалімі Нұрсұлтан Оңғарбаев, ІІ орынға Ақтау қаласы, Ш.Есенов атындағы КМТИУ студенті Ықылас Табунаев, ІІІ орынға – Мұнайлы ауданы, №3 жалпы білім беру орта мектебінің мұғалімі Гүлмира Кемал; 3 қатысушыАқтау қаласы, Ш.Есенов атындағы КМТИУ студенттері Гүлдана Жамиғатова мен Нұржан Асамадинов, Мұнайлы ауданы, №8 жалпы білім беру орта мектебінің мұғалімі Нағашбай Марикбаев ынталандыру жүлдесіне ие болды.

Бас жүлде иегері Абусалим Тобагулов қараша айында өтетін Ә. Кекілбайұлы шығармашылығына арналған көркемсөз оқу шеберлерінің ІІ Республикалық байқауына жолдама алды.

Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлері Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының дипломдарымен және қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.

 Үміт ЖӘЛЕКЕ