30 наурыз күні Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Global Project Capital Ltd»арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа аймақ басшысы Ералы Тоғжанов және компанияның бас директоры Кеннет Фултон қол қойды.

         Меморандум Ақтау қаласындағыинфрақұрылымдық және көліктік нысандардың, жол құрылысы саласындағы жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуындағы ынтымақтастықты көздейді. Жергілікті атқарушы орган өз кезегінде инженерлік инфрақұрылымды–газ, су, электр желілерін, жол және жылу жүйесін жүргізіп беру жұмыстарын міндетіне ала отырып,  800 гектар көлемінде жер учаскелерін жалға береді.

— «Global Project Capital Ltd» компаниясы қаржы ресурстарын бөліп, облыстың әлеуметтік дамуына үлес қосатын болды. Болашақта біздің ынтымақтастығымыз жақсы нәтижелерге жеткізетініне сенімдімін. Бүгінгі таңда біз туристік шағын ауданның құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыруды бастап кеттік. Жоспар бойынша жаңа шағын ауданның аумағында медициналық мекеменің, мектептің, ойын-сауық нысандары мен сауда орталықтарының құрылыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары ашылады. Біздің тарапымыздан инфрақұрылымды жүргізуге қатысты барлық жұмыстар жасалады, — деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі  Ералы Тоғжанов.

2 (1)

Жоспарланып отырған нысандарға – су тазалау мен жылу жүйелері, Ақтау халықаралық әуежайы мен Ақтау халықаралық теңіз сауда портын  дамыту, жасыл энергия көздерін (күн және жел) пайдалана отырып сұйытылған табиғи газ бен технологияларды қолдану арқылы энергияны жеткізу, медициналық және өзге де әлеуметтік нысандарды қаржыландыру, облыстағы ауыл шаруашылығын дамыту, жылыжай кешендерінің құрылысы мен азық-түлік тауарларын шығару, ірі туристік нысандарды тұрғызу секілді салаларға жаңа технологиялар енгізу кіреді. Алғашқы кезеңге 500 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция бөлінеді.

— Бүгін біз үлкен жобамызды іске асыру жолында алғашқы қадамымызды жасадық. Жасыл энергетика көзін пайдалана отырып әрі қарай Маңғыстау облысының жұртшылығына беру және су тазалау, сәулет, білім мен денсаулық сақтау салаларына жаңа инновация әкелу арқылы осы өңірдің дамуына өз үлесімізді қосудамыз. Бұл қала жаңа технологиялар бойынша алынған және құрылған шаһар болмақ. Ол теңіз жағалауынан басталып, үйлер өсу деңгейі бойынша тұрғызылады. Яғни басында шағын үйлер салынса, содан кейін биік  үйлер бой көтереді. Үйлердің жартысы шыны шатыр секілді дәліздер арқылы байланысатын болады, оларға ауа-райын бақылайтын қондырғылар орналастырылады. Барлық үйлерде тек қана жер асты паркингтері болады, — деп атап өтті «Global Project Capital Ltd» компаниясының директоры Кеннет Фултон.

Өзара ынтымақтастықтың тиімді болуы үшінжәне жобаларды сапалы іске асыру үшін бірлескен кәсіпорын құрылатын болады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ