Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойымен тұспа тұс келген Маңғыстау ауданының орталығы шежірелі Шетпенің аудан орталығы болғанына елу жыл толған мерейлі мерекесінде ауылда бірнеше әлеуметтік нысандар іске қосылмақ. Солардың ішінде тың жоба – ауданымызда алғаш рет фитнес орталық  келушілерге есігін айқара ашты.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту орталығының 3 миллион теңге көлеміндегі арнайы қайтарымсыз грантын жеңіп алған жеке кәсіпкер Шәмбіл Ерке тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына үлес қосу арқылы табыс тапсам деген  жоспарын іске асырғанына қуанышты. 13 мыңнан астам халқы бар аудан орталығында бұрын мұндай орталық жоқ болатын. Әзірге тек қана әйел азаматтарға арнап ашылған жаттығу залы шағын, келушілердің сұранысына орай болашақта кеңейту жоспарда бар.

Ел саулығын еселеуге қызмет ететін орталықтың лентасын аудан әкімінің орынбасары Талғат Қылаңов қиып, кәсіпкерлерге деген мемлекеттің қамқорлығына ие болған іс бастаушыларды құттықтады. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Д.Имашев, құрылыс бөлімінің басшысы Н.Жаңбыршиев, «Атамекен» шағын қаржыландыру ұйымы филиалының директоры Ә.Өтеуов көпшілікпен бірге жаңа нысанға бас сұғып, жұмыс барысымен танысты.

Л.ӘБДІБЕКҚЫЗЫ  

%d1%88%d0%b5%d1%82%d0%bf%d0%b5