Қазір барлық жерде аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жазылым науқаны қызу жүріп жатыр. Десек те, мұнайлылықтар ең алдымен  өзіміздің төл газетіміз «Мұнайлыға» жазылуы тиіс. Өзім еңбек ететін мектеп ұжымы былтыр 70 газетке жазылғанбыз. Биыл оны 80 данаға көбейтпек ойымыз бар.

img_4579

Баспасөз оқушыларды Отанды сүюге, елін, жерін құрметтеуге баулиды.  Үкімет тарапынан қандай қамқорлық, бюджеттік ұйымдарға қандай көмек, жеңілдіктер берілуде, аудан халқының тыныс-тіршілігі, тағысын тағы тартымды материалдарды осы баспасөз бетінен кезіктіруге болады. Әкімдердің және халық қалаулыларының қандай игілік жасап, мектептерде қандай жаңалық боп жатқаны да бізге қызық. Ара-тұра мәдени жаңалықтардан өнерлі өрендер жайлы, ауданның бетке ұстар Құрметті азаматтары туралы мақалалар жарық көріп тұрады. Сондықтан, газеттің тұрақты жазылушысы болғаныма өкінбеймін. Аптасына бір рет шықса да, мағыналы, мәнді дүниелер жарияланады. Ұлағатты ұстаздарымыз тәжірибелерімен бөліседі. Дәрігерлер қандай аурулардан сақтану керектігі жөнінде ақыл-кеңестерін береді.

Өзім шет тілі маманымын. 40 жыл неміс тілінен сабақ беріп, зейнетке шыққан соң қайтадан мектепке оралдым. Қазір №1 орта мектепте кітапханашы болып жұмыс істеймін. Баспасөзге жазылу науқаны кезінде ұстаздар, техникалық қызметкерлер көптеген газеттерге жазылады. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, біз де «Мұнайлы» газетінен бастаймыз. Себебі, мектеп мұғалімдерінің мақалалары жиі-жиі жарық көріп тұрады. Қазір инновациялық техникалар дамып жатыр ғой. Бірақ бәрібір көзбен көріп, қолмен ұстап оқығанға жетпейді.  Біздің кезімізде бүгінгідей интернет, сайттар болған жоқ. Бала күнімізден аудандық, ауылдық кітапханадан қазақ халқының классик ақын, жазушыларының  роман, повесть, өлеңдерін, «Жұлдыз», «Жалын» журналдарын таласып оқыдық. Мерзімді баспасөздерді шыдамсыздана күтіп, солардың тәрбиесімен өстік. Бүкіл жаңалықты баспасөз беттерінен шолып отырдық. Кітапханашы ретінде қазірге дейін «Мұнайлы», «Маңғыстау», «Жас алаш», «Егемен Қазақстан»,  «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ» газеттерін үзбей оқимын. Өйткені, біз өзіміз ештеңе білмесек, ізденбесек, кітапхана оқырмандарына қалай кеңес бермекпіз?

Газетіміз халқымыздың айнасы,

Білгенге көп оның берер пайдасы.

Оқырманның ой-өрісін байытып,

Ауданымның баспасөзі жайнашы.

                                                                                                                                                                                                         Балзия БАЯТАРОВА, №1 орта мектеп кітапханашысы