9-қадам. Мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту- үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру.
«Ұлт жоспары-100 нақты қадам»

Бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында семинар- тренинг өтті. Жергілікті құқық қорғау және сот органдарының, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының өкілдері және жастар қатысты.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев құттықтау сөз сөйлеп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

– Семинардың негізгі мақсаты – Маңғыстау облысындағы кадрларды адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктерімен таныстыру және үйрету. Жуырда Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Талдықорған облыстарында сарапшылар жергілікті жұртшылыққа адам құқықтарын қорғау жөнінде дәріс оқыды. Зерттеулер нәтижесіне қарағанда Алматы, Астана сынды ірі қалалардың тұрғындары өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жақсы біледі. Аймақтарда, әсіресе ауылдарда бұл көрсеткіштің деңгейі төмен болып отыр. Сондықтан келешекте аудандар мен ауылдарды да аралап, семинар- тренинг өткіземіз. Әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу үшін жан-жақты сауатты, білімді, өз құқымызды қорғай алатындай болуымыз қажет. Қазақстанда адам құқықтары ұлттық және халықаралық заңнамамен реттеледі, қорғалады. Қазақстан адам құқықтары саласындағы 150-ден астам келісім-шарттарды бекітіп, ратификациялады. Бүгінгі семинарда комиссия мүшелері мен сарапшылар нақты мысалдармен тыңдаушыларға адамның құқықтары мен бостандықтары туралы ғана емес, азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттері туралы кеңінен айтып береді, – деді Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев.

Семинар барысында сарапшы Светлана Бақытқызы Қазақстан Республикасындағы еңбек заңнамасындағы жаңа ережелерге салыстырмалы талдау, тараптардың еңбек шартын жасасудағы құқықтары мен міндеттері, еңбек даулары және оларды шешу тәртібі жөнінде дәріс оқыды. Сондай-ақ сарапшы, заңды тұлғалардың «Қазақстан дағдарыстар орталығы» қоғамдық бірлестігі басқармасының төрайымы Зүлфия Байсақова еліміздегі әйелдердің және балалардың құқықтары жөнінде әңгімелеп, тұрмыстық зорлық- зомбылықтан қорғау мәселелерін шешу жолдарын ұсынды. Тыңдаушылар алдында дәріс оқыған мамандар БҰҰ-ның адам құқықтары саласындағы бақылау қызметімен, ондағы азаматтардың жеке шағымдарын қарау тәртібімен таныстырды. Семинар- тренингке қатысушылар сарапшыларға сұрақ қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.

–Бүгінгі семинарда Елбасы Н.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және Конституцияны негізге ала отырып, ел азаматтарының, мемлекетімізде тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан өзге адамдардың еңбек, әлеуметтік- экономикалық құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды. Қоғамда орын алып жатқан еңбек дауларының алдын алу және оны шешу жолдары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сот және соттан тыс қорғау жөнінде құнды деректерге қанықтық, – деді Маңғыстау облыстық соттар бойынша ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Ерсін Қазиев.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ

Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ