ескерткіш
Сурет сайт архивінен

Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, тарихымыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын.

Осыған орай Құрықта Маңғыстау облысының мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөнінде семинар ұйымдастырылды. Семинарға Маңғыстау облысының мәдениет басқармасының «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ директорының міндетін атқарушы Б.Төлегенұлы, Маңғыстау мәдениет басқармасының заңгері А.Қайырбаев пен тарихи- мәдени қорының маманы Раушан Жанайқызы қатысты.

Маңғыстау облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне 590 объект енгізілген. Бұған қоса 890 ескерткіш тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізімінде тұр. Ал Қарақия ауданы бойынша мемлекеттік тізімде 73 тарих және мәдениет ескерткіштері бар. Сондай-ақ 255 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген.

Мәдени мұра- мәңгілік ел құндылығы

«Өткен заманнан бері ата-бабалар әруағын құрмет тұту, рулық қорымдардағы халық батырлары, билері, ақындары, қоғам қайраткерлерінің қабірлеріне зиярат ету, марқұм болған тумаластарын киелі орындарға жерлеу дәстүрлері сақталған. Еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда біздің өңірімізде ата-бабаларының бастарына күмбездер мен кереге тамдар көтеру, ескерткіш-белгілерін салу қарқынды дамыған. Сонымен қатар ежелгі сәулет пішіндерін «Ата-бабамның қабірі» деп өз бетімен құлаған күмбездерді қайта қалап, заңға қайшы әрекет етеді. Осы орайда тұрғындарға жаңадан салынған қабір құрылыстарының өлкеге тән діни қабірлеу кешендерінің тарихи қалыптасқан бастапқы және жалпы көрінісінің бұрмалануына әкеліп соғатынын айтқымыз келеді. Мемлекет қорғауындағы қорымдардағы ежелгі қабірүсті құрылыстарына қандай да бір нұқсан келтіру заңбұзушылық әрекет болып табылады»,— деген Маңғыстау облысының мәдениет басқармасының «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ директорының міндетін атқарушы Б.Төлегенұлы тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөнінде сөз өрбітті. Сондай-ақ «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасыныӊ заӊ жобалары түсіндірілді.

Жиын барысында сөз алған Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының заңгері А.Қайырбаев бүгінгі таӊда тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау өзекті мәселе болып отырғанын жеткізе келе, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтаудағы өзекті болып отырған мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндірді. Өз кезегінде жиналғандар білікті мамандармен еркін сұхбаттасып, көкейіндегі сұрақтарын қойды.

Өз тілшіміз