chinovnik шенеунік

Тұрғындардың фейсбуктегі шағымының негізінде Әдеп кеңесінің отырысында Сенек ауылының әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды. Мемлекеттік қызметші мүдделер қақтығысының тууына жол берген, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау департаментіне сілтеме жасап.

Өңірлік департамент мониторинг жүргізу барысында Фейсбук әлеуметтік желісінде «Сенек ауылы әкім Б.Еркеғұловтың қызметтік көлікті жеке шаруашылығына пайдаланатыны, жүргізушісі өзінің баласы екені және оның қалада жұмыс жасайтыны» айтылған сыни пікірлерді байқаған.

Осы жазбалар негізінде 2019 жылғы 29 мамырда әдеп кеңесінің отырысы өтіп, ауыл әкімі Б.Еркеғұлов түсіндірме берді.

Мүдделер қақтығысын ескермеген ауыл әкіміне сөгіс берілмек

Ол әдеп кеңесінің мүшелеріне ауылда басқа көлік жүргізушісі табылмағандықтан ұлы Б.Құрмантайды село әкімінің жүргізушісі етіп жұмысқа қабылдағанын айтты. Әкімнің сөзінше, қызметтік көлік әкімшілік аумағындағы шаруашылық қожалықтарына барады және баласы басқа серіктестікке ауысымдық жұмысқа орналасқаннан кейін табельге тек жұмысқа қатысу күндерін көрсетіп отыр.

«Алайда қосымша тексеру кезінде малды сырғалау мен егуді аудандық ветеринариялық станциясына қарасты «Сенек» ветеринариялық пунктінің мамандары жүргізетіні және оған осы мекемеге тиесілі автокөліктің пайдаланылғаны анықталды. Әрі Сенек ауылы әкімдігінің аппаратынан «көлік жүргізуші» мамандығы бойынша сұраныс болмағаны белгілі болды», — деп мәлімдеді департменттегілер.

Бұған қоса басқа ауысымдық жұмысқа орналасқан көлік жүргізушісіне (баласына) қатысты жұмыс уақытын қысқарту туралы өкім шығарылмай, тек табельге жұмыс атқарған уақытына сағат белгілеумен шектеліп келген.

Кеңес мүшелері ауыл әкімінің өз кінәсін мойындағанын ескеріп, мүдделер қақтығысының тууына себепкер болып, Әдеп кодексінің талабын бұзғаны үшін сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады.

Суретті ҚР МҚІжСІА Маңғыстау департаменті ұсынды