Түпқараған ауданында осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған «Шын жүректен» атты балалардың шығармашылық фестивалі көрермен қошеметіне тағы бөленді. Ұйымдастырылуында үлкен мәні бар шара жыл санап өз қатысушыларының санын көбейтуде.

Өткен жылы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау мерекесі аясында осы фестиваль алғаш рет ұйымдастырылған еді. Араға тура 1 жыл салып, мүмкіндігі шектеулі балалардың сахнада өз өнерлерін көрсетулеріне толықтай қолдау білдіріп, тағы да ұйымдастырылды. Шараны Түпқараған аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, хал-актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Г.Берішбаева «Балаларымыз ауырмасын, әрқашан дендері сау болып, сіздердің көз қуаныштарыңыз болып жүре берсін» деген тілегімен ашты.

«Ән айту», «Көркем сөз оқу» жанрлары бойынша Асланбек Қуантханұлы, Диана Жеделбайқызы, Ұлмекен Болатбекқызы, Сәркен Рақымжан, Алқуатқызы Динара, Досберген Гүлжайна, Айшабибі Нұрғабыл, Қаржаубай Батыржан сынды өнерпаздар өз өнерлерін көрсетті. Ал биылғы фестиваль шартына тағы да «Сурет салу» жанры қосылғанын ұйымдастырушылар мақтанышпен айтты.

«Себебі бұл жанр бойынша да қатысушылар көбейіп, суретші боламын деген балалар ынтасы оянуда. Майра Анетова, Гауһар Оңаш, Нұрлыбек Сансызбай, Нұрсая Боранбай, Құндыз Жылқыбай есімді балалар өздеріне ұнаған тақырыпта суреттерін салды», — дейді олар.

Фестивальге қатысқан Гаухар Оңаш биыл Ғұбайдолла Айдаров атындағы мектеп-лицейдің даярлық сыныбын бітірді. Өзі кішкентай болса да суретті жақсы салатын ол осы фестивалге Микки тышқаны мен әдемі құстың суретін салып әкеліпті.

– Маған құстардың суретін салған ұнайды. Олар әртүрлі болады, барлығы да әдемі келеді. Өздері қалаған жағына оп-оңай ұшады, — деп өз суреті жәйын бізге баяндап берді.

— Солтүстік Каспий Консорциумы атынан балалар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. НКОК компаниясы әлеуметтік инфрақұрылымдық және демеушілік-қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, атаулы мерекелерді атап өту барысында Түпқараған ауданы жұртшылығымен бірге ұзақ жылдар бойы араласып, тығыз жұмыс жасап келеді. Жаңа жыл мерекесі мен балаларды қорғау күні аясында осы балалармен бірге атап өтуді соңғы жылдары дәстүрге айналдырып келеміз. Тек компания тарапынан емес, мемлекет, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан да бұл балалар қолдауға ие. Балаларыңыздың дендері сау болып, ашық аспан астында балалық шақтарын алаңсыз өткізулеріне біз тілектеспіз, — деді қатысушы балаларға дипломдар мен сыйлықтар ұсынған «НКОК» компаниясының жұртшылықпен жұмыс бойынша үйлестірушісі М.Еңсеева.

Түпқарағанда балалардың дәстүрлі өнер фестивалі өтті

Шара кейін «Ақерке Жайық» мейрамханасында арнайы жайылған дастархан басында жалғасып, ол жерде балаларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылды. Қонақ болып қатысқан ата-аналар бұл шараны ұйымдастырған аудан әкімдігіне, «НКОК» компаниясына, аудандық мәдениет үйі ұжымына және «Ізгі жүрек» қоғамдық ұйымының мүшелеріне алғыстарын айтты.

Клара ҚАНСҰЛТАНОВА