Ақұштап Бақтыгереева

«Ақ Жайық. Ақ шағала. Ақұштап»

Аймағымызда өтіп жатқан Батыс Қазақстан облысының күндері аясында оралдық өр ақын, қазақ поэзиясының белді өкілі Ақұштап Бақтыгерееваның «Ақ Жайық. Ақ шағала. Ақұштап» атты шығармашылық кеші болып өтті. Кеш барысында Жайықтың ерке қызы өзінің көпшілік көңілінен шыққан туындыларын оқып, шығармашылығы туралы ой-толғамдарымен бөлісті.

Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде өткен кешке халық көп жиналды. Поэтикалық қуатымен, тілінің шұрайлылығымен қазақ поэзиясына жаңа өрнек алып келген Ақұштап жырларынан туған жер, елге деген сүйіспеншілік, қоғамдағы қайшылықтар мен әділетсіздікке қарсы күрескерлік айқын көрінеді. Ақын өзіне асқан қошеметпен қол соққан ақтаулық көрермендерді жақұт жырларымен сусындатты.

Ақ Жайық, сенсің әркез сыйынарым,

Сен десе жыр жолы боп құйыламын.

Әзірше жыл өткізбей келіп тұрам,

Кім білсін, неше келу бұйырарын?

Сені айтса жанарымда күлкі ойнаған,

Көңілі орта болса шырқай ма адам?

Жағаңда өскен кезде жай өзен ең,

Бұл күнде сені көру бір той маған.

Сырлы әнін сан ғасырдың жиған ағын,

Жағаңда туғандарға сыйла дарын.

Келерде жас балаша қуанам да,

Кетерде қимастықпен қиналамын…

— Күй атасы- Құрманғазы мен Динаның, «Мен қазақпын» деп арындап өткен Жұбанның, тілім деп тарихи жырлар қалдырған Қадырдың, қазақ әнін көкке әуелеткен Мұхиттың елінен келіп отырмыз. Асыл сөзге, ата-баба салтына бұрылсақ, қасиетті тілімізді қастерлесек деймін. Қазақтың қызы – әлемнің мақтаны. Қазақ әйелі – өз ұрпағын ұлттың ұрпағы етіп тәрбиелесе екен деп тілеймін. Менің алған бағытым осы. Әсіресе, мәңгілік ұлт болу үшін қазақ қызын тәрбиелеу керек,-деді А.Бақтыгереева.

Ақ Жайықтан қанат қағып, оны айрықша сүйген ақын бүгінде қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанып, оқырмандар жүрегінен ойып орын алған. Маңғыстаулықтар да ақұштап жырларды жанымен тыңдап, жүрегімен сезінді.

— Мен өнердің адамы болмасам да, Ақұштап Бақтыгереева шығармашылығымен жақсы таныспын. Қазақ ақыны, қазақ әйелі деген атқа лайық тұлғаның қаламы ұштала бергей! Өмірі өшпегей!- деді Ақтау қаласының тұрғыны Қ.Нұрғалиев.

— «Ағайын араласпаса, жат болады» дегендей, ел өңірлерінің араласуы, қарым-қатынас жасауы өз деңгейіне жетіп келеді. Батыс Қазақстан облысының біздің өңірдегі күндері аясында өте әдемі де әсерлі кеш өтуде. Маңғыстау халқы сүйікті ақынымен қауышып, қуанып қалды,-деді Ақтау қаласының әкімі С.Трұмов.

Кеш барысында қала әкімі ақтаулықтардың атынан ақиық ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваға алғыс айтып, иығына камзол жауып, ат мінгізді. Сахна төрінде саф алтын жырларын жатқа оқыған ақын ұлт болашағына алаңдайтынын айтып, елге амандық тіледі.

— Жастардың ұлтқа ерекше қызмет ететін азаматтар болса екен деп қалаймын. Қазір әркім білгіш, жас әншілер арасында өзі сазын да, сөзін де жазатындар көбейді. Әр сөзіне ойланып айтса, толғанып жазса деймін. Бетімен кетуге болмайды, ұлтқа бұрылу керек, өнерді сыйлау керек,-деді А.Бақтыгереева.

Жыр кешінде ақынның сөзіне жазылған бірқатар танымал әндер орындалды. Әсіресе, «Ақ шағала», «Мен сені ойлайтынмын» әндері көпшілік көңілінен шықты. Кеш оралдық өнерпаздардың гала-концертіне жалғасты.

Анар ШАМШАДИНОВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН