Ақтау гарнизоны әскери сотының төрағасы М.С.Алдабергенов, кеңсе меңгерушісі Ж.Қолғанат, Ақтау гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі Е.Нұрбергеновтың, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан 6656 әскери бөлімі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі  2201 әскери бөлімінде әскери қызметшілердің қатысуларымен «Қазақстан Республикасының  Азаматтық процестік кодексі»,«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес», «Медиация туралы» Заңдары және «Сот кабинеті» тақырыптарында  дөңгелек  үстел  өткізді.

Дөңгелек үстел барысында Сот төрағасы М.Алдабергенов  өз сөзінде «100 нақты қадам — Ұлт жоспарын» жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Републикасының құқықтық саласын түбегейлі жақсартатын жаңа Азаматтық процестік кодекс әзірленгенін және  аталған кодекс азаматтық істерді қараудың тиімділігін, жеделділігін және бейтараптығын арттыруға, сот төрелігін атқарудың сапасын жетілдіруге, сот билігін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Шара барысында жаңа кодекспен енгізілген жаңашылдықтар, оның ішінде дауларды медиация және партисипативті рәсімдер арқылы шешу, алдын-ала сот отырысын өткізу, сот талқылауына істерді дайындау, жеңілдетілген (жазбаша) сот ісін жүргізу, бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттарда істерді қарау, істерді қараудың мерзімдері, азаматтық процесте прокурордың қатысуы жөніндегі ерекшеліктері талқыланды.

Сондай-ақ, төраға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заң нормаларын түсіндірді.

 Кеңсе меңгерушісі Ж.Қолғанат «Сот кабинеті» сервисі атты баяндамасында сот кабинеті бұл электрондық ақпараттық сервис, ол сот органдарының онлайн сервисіне қолжетімді бірыңғай терезе болып саналатынын, сот ісін жүргізуді жеңілдету және азаматтар үшін сот жүйесінің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылған шара. Аталған сервистің негізгі ерекшілігі азамат немесе оның өкілі кез келген ыңғайлы уақытта үйінен немесе кеңседен шықпай-ақ интернет желісі арқылы сот құжатын, сот актісін басып шығара алады. Сот кабинеті сервисі арқылы азаматтар іс бойынша сот құжаттарын, өтініш бойынша соттың қарау мерзімдерін бақылауға мүмкіндіктері бар екендігін айтып өтті.

Қатысушылардың сұрақтарына заңның нормаларына сәйкес жауаптар берілді.

 

Бауыржан ЕСЕНОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан 6656 әскери бөлімінің заңгері