28 маусым – байланыс және ақпарат күні. Жыл сайын атап өтілетін бұл мейрам биыл ерекше. Журналистика тынымсыз тірлікті талап етеді. Жаза білу бір жағынан, адамды көркем сөйлеуге, қазақтың бай қазынасы – тіл байлығын арттыруға деген сенім арқалайды. Қазіргі таңда жас журналистер қатары көп. Оларға білмегенін үйретіп, жөн сілтейтін журналист ұстаздар керегі рас. Сондай журналистердің легін жалғаушы Бибігүл Бөбекбаймен сыр шертісіп, әңгімеге тарттық.

— Бибігүл апай, сізді біліктілігіңіз бен біліміңіз жоғары журналист деп білеміз. Осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистика саласына қалай келдіңіз?

— 1969 жылы Түрікменстан Республикасының Бекдашы жерінде дүниеге келдім. Бала кезімнен өлең жазуға деген құлшынысым болды, жазуға деген қызығушылықпен 1987 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология мамандығына оқуға түсіп, сонда білім алдым. Білім алып жүрген кезімде 1990 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінен Фариза Оңғарсынованың отанға оралу жайында жазылған мақаласын оқып ой түйдім. Фариза апамыздың осы бір мақаласы түрткі болып, Жаңаөзен қаласына қоныс аудардық. Десе де, оқу орнын бітіріп келісімен жұмыс табыла қоймады. Қиыншылықтар да болды. «Жаңаөзен» газетінде 3-4 жыл көлемінде қызмет атқардым. Кейін белгілі бір себептерге байланысты жұмыстан шығып, облыстық екі тілде жарық көретін «Не хабар» газетінде жұмыс жасадым, одан соң облыстық «Үш қиян» газетінің Жаңаөзен қаласы бойынша меншікті тілшісі болдым. Уақыт өте келе, қызметімді ауыстырайын деп «Өзенмұнайгаз» компаниясына келдім. Компанияның бұрынғы басшысы Киікбай Ешманов маған №2 мұнайгаз өндіру цехының сораптау станциясының машинсті қызметін ұсынды. Әйел баласы үшін мұнай саласы өте қиын да күрделі сала. Мұнда қызмет атқарған әрбір әйел баласының бойынан ер адамға тән мінезді, өжеттілікті сезінесің. Әйел баласы жаратылысынан нәзік жанды болып табылады. Осынша қиын салада қызмет атқару мен үшін ауыр болды. Бұл жерде 2 жыл қатарынан еңбек етіп, кейіннен басшылық тарапымен келісе отырып, «Өзенмұнайгаз» компаниясының өз ішінен ашылған «Жұртшылықпен байланыс департаментінің» баспасөз хатшысы қызметіне ауысып, еңбек етіп жатырмын. Өз кәсібім өзіме ұнайды. Газет ішінен «Үкілі үміт» секілді балаларға арналған айдар аштым.

— «Мұнайлы мекен» газеті мұнайшылардың тыныс-тіршілігінен хабардар етер қаламыздағы бірден-бір басылым екені бәрімізге мәлім. Бір ғана салада жұмыс жасау қаншалықты қиын?

Бір ғана бағытта жұмыс жасаудың еш қиындығы жоқ, керісінше оңай. Өйткені, әр түрлі бағытта емес, тек бір мұнайшылар бағытында жұмыс жасалынады. Мұнайшылардың өмір тіршілігінен хабардар ету – біздің міндетіміз. Газет таралымы – 5000 дана. Астана қаласынан шығатын бұл газет «ҚазМұнайГаз» Барлау өндіру» АҚ компаниясының жетекшілігімен жарық көруде. 7 ірі компанияның өз меншікті газеті шығады. Соның бірі – қаламыздағы «Өзенмұнайгаз» АҚ компаниясы жанынан ашылған «Мұнайлы мекен» газеті. 10 мыңға жуық мұнайшысы бар компанияның өресі биік. Газеттің электронды мекен-жайы www.ozen.kz сайты жұмыс жасайды. Әлеуметтік желі фейсбукте арнайы парақшамыз да бар.

— Бүгінгі таңдағы журналистика мен журналистикадағы жас журналистердің қандай кемшін тұстары бар?

Журналистика қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала. Көп ізденушілікті, көп білімді талап етеді. Журналисттің жазу сферасы кең болу қажет. Қоғамға не нәрсе керек, не нәрсе керек емес, соның бәрін біліп, барлығын ой сүзгісінен өткізіп барып, ақылмен жазса, сол нағыз журналист. Журналист тек қана мен мына дүниені білдім болды деп емес, оны ары қарай дамыта отырып, өзінің журналистік қабілетін шыңдайды. Қазіргі таңда, «Мұнайлы мекен» газетінен іс-тәжірибеден өтуге практиканттар келеді. Барлығын сынға аламыз. «Қалай жазады, жұмыс жасау деңгейі қалай?» деген сұрақтардың жауабын іздей бастаймыз. Жанар Полатова, Әсел Қойшыбаева, Маржан Дін есімді практикант-студенттеріміз келіп, іс – тәжірибеден өтті. Әр практиканттың жұмыс жасау деңгейі әр түрлі. Осылардың ішінен жақсы жазатын мықты журналист, нағыз маман шығарына сенімім мол.

— Сізді бүгінгі кәсіби мерекеңізбен шын жүректен газет ұжымы атынан құттықтаймыз. Еңбегіңіз жемісті, қаламыңыз қарымды болсын. Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Мәдина БЕГАРЫС