Бостан ауылындағы драма ұжымы алғаш 2008 жылы құрылған. Сол жылдан бастап, ауыл мәдениетін дамыту мақсатында еңбек етіп келеді. Жақында мәдениет үйінің  ұйымдастыруымен драма ұжымы өзінің есептік қойылымын көрсетті.

Бұл жолы Драма ұжымы көрермен назарына Асылбек Әуезханұлының «Заман азып не қылсын» атты сахналық қойылымын ұсынды. Қойылымды ауыл тұрғындары, жастары және бүлдіршіндер тамашалады.

Өнерпаз жастарымыз кәсіби актерлердей шеберлік танытып, әрқайсысы өз образдарын жақсы сомдады. Әсіресе, әке бейнесін сомдаған – Қожакелді Сабыров пен ана рөліндегі Қымбат Тұрлыманова көрерменді сахнада өздерін еркін ұстауымен, сөздің шынайылығымен, қызына деген жанашырлығын нанымды қимыл-әрекетімен сүйсіндірді. Басты рөлдегі Жаңылдың бейнесін сомдаған Інжу Төлепбаева әр сөзінің мағынасын дәл беретін интонация таба білсе, Қуаныш Бүркітбаев күйеуінің образын ашуда көп ізденгені көрініп тұр. Ал ұлы Саматтың бейнесін сомдаған Махамбет Озғанбайдың бала тілегі көрерменнің ет жүрегін шымырлатып, еріксіз көздеріне жас келтірді.

Тәрбиелік мәні зор қойылым үлкен әсер қалдырды. Сахна өнеріне жоғары баға берілді.

Жастарымыз қазіргі арзан кино, сериалдардан гөрі, осындай қойылымдарға жиі барып, рухани азығын байытуы қажет. Ауыл сахнасында сомдалған замана сарыны жастарға ой тастады. Мәдениеті мәйекті елдің  ертеңі – білімді жастардың еншісінде.

Жансая МЕЙІРОВА,

Бостан селолық мәдениет үйінің әдіскері