үздік ауыл

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Шетпеде өткен ауылшаруашылығы қызметкерлерінің мерекесінде «Үлгілі ауыл» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Сайыс нәтижесінде 3 мыңнан астам халқы бар ауылдар арасындағы байқауда 1-орынды Түпқараған ауданы, Таушық ауылы жеңіп алды.

Ал, Қарақия ауданы, Жетібай ауылы 2-орынды иеленсе, Бейнеу ауданы, Боранқұл ауылы 3-орынға лайықты деп танылды. Ынталандыру сыйлығы Мұнайлы ауданы, Дәулет ауылына берілді.

Халқының саны 3 мыңнан төмен ауылдар арасындағы сайыста Маңғыстау ауданы, Үштаған ауылы 1-орынды еншіледі.

Қарақия ауданы, Сенек ауылы 2-орынды, Бейнеу ауданы, Сарға ауылы 3-орынды иеленді.

Осы аталым бойынша ынталандыру сыйлығы Түпқараған ауданы, Қызылөзен ауылына табысталды.

Байқаудың шарты бойынша 1 орын иеленген ауылдарға 10 миллион теңге көлемінде, 2 орынды алған ауылдарға 7,5 миллион теңге, 3 орынға 5 миллион теңге табысталды. Қалған ауылдарға өз ауылын одан көркейте түсуі үшін 2 миллион теңгеден ынталандыру сыйлығы тағайындалды.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН