Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнінде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы мұнай-газ, өндіріс тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистерді кәсіби мерекемен құттықтады. Компанияның бас кеңсесіндегі кең залда еңбек ұжымы БАҚ өкілдерін құрмет- қошеметпен қарсы алып, ықыласқа бөледі.

Алдымен жиналғандар назарына журналистер мен операторлардың, фототілшілердің қауырт жұмысынан хабар беретін және өндірістік өрлеуді бетке алған компания туралы БАҚ беттерінде жарияланған сюжеттерден құралған бейнеүзік ұсынылды.

– Құрметті, бұқаралық ақпарат өкілдері! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Қай кезеңде де елді қоғам тынысынан хабардар етіп, шынайы, нақты ақпараттарды жедел жеткізіп, кез келген оқиғаға салиқалы да салмақты талдау жасайтын журналистердің орны ерекше. Олардың мұнай-газ саласының дамуына өз үлестерін қосып, жағымды жаңалықты жария қылудағы еңбектері өлшеусіз. Сондықтан да компания ұжымы мен бұқаралақ ақпарат құралдары арасында ұзақ жылдардан бері қалыптасқан тығыз қарым-қатынастың біз үшін маңызы зор. Сіздердің салмақты сөздеріңіз бен салиқалы пікірлеріңіздің арқасында компанияның бүгінге дейін жеткен жетістері паш етіліп, ел дамуына үлес қосқан ардагер мұнайшылардың өмірі, өнегелі өнегесі дәріптелді. Бүгінде облыс, республика тұрғындары мұнайшылар өміріндегі маңызды ақпараттардан хабардар болып отыр. Атап айтсақ, облыстық «Маңғыстау», «Огни Мангистау» газеттері, «Қазақстан Ақтау» телеарнасы, республикалық «Егемен Қазақстан», «Экономика», «Казахстансая правда» басылымдарында, «Хабар», «31 арна» 2016 жылы 129 материал жарық көрсе, ағымдағы жылдың I жартысында 70-ке жуық сюжеттер мен материалдар жарық көрді. Өлкемізге танымал Маңдайлы Қосымбай, Ғалым Әріп, Сағындық Рзахметов, Рахат Қосбармақ, Аманбек Ахметов, Наталья Бутырина сынды мамандармен қатар талантты журналистер өсіп келеді. Осы орайда Фарида Мұңалқызы, Нысаналы Ығыл, Айсара Айтманды ерекше атап өткім келеді. «Огни Мангистау» газетінің 50 жылдық мерейтойы құтты болсын! Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болған ұшқыр қалам иелеріне компания ұжымы атынан алғысымызды айтамыз. Отбасыларыңызға амандық, кәсіптеріңізге өрлеу, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Мереке құтты болсын!, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев.

Cалтанатты сәтте «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Цзун Сян, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Талғат Айдынов мемлекетіміздің мүддесі мен мұраты жолында еңбек етіп жүрген жандарды мерекемен құттықтап, ақжарма лебізін білдірді. Салтанатты сәтте республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерін Алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады.

Сондай-ақ мерекелік шарада ардагер журналист Маңдайлы Қосымбай, «Маңғыстау» газетінің бас редакторы Ғалым Әріп, «Огни Мангистау» газетінің бас редакторы Наталья Бутырина сөз сөйлеп, компания ұжымына алғыс айтты.
Өңірге өң берген компания құрметтің құшағына бөленген журналистер қауымына арнап қала сыртындағы «Стигл» демалыс орнында сауық кешін ұйымдастырды.

Фарида Мұңалқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын