Маңғыстау арена

Жақын күндері облыс орталығында көпсалалы «Маңғыстау Арена» спорт кешені ел игілігіне тапсырылады. 2,5 гектар жер аумағын алып жатқан заманауи спорт кешенін салуға 3 млрд 300 млн теңге жұмсалған. Нысан «НКОК» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері бағдарламасы аясында салынған. Ғимаратты салған мердігер компания «Нұрсәт» ЖШС.

— Бұл спорт кешені қаладағы ең сәулетті ғимараттардың қатарына жатады. Спорт кешенінің құрылысы 2014 жылдың мамыр айында басталды. Бүгінгі күні пайдалануға берілуге толықтай дайын. Мұнда Олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерінен жастарды дайындайтын боламыз. Атап айтсақ, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, еркін күрес, грик-рим күресі, дзюдо, көркем гимнастика, аэробика, таэквондо, бокс, кикбокс, у-шу, каратэдан  спортшылар жаттыға алады. Спорт кешенінде фитнеске арналған арнайы жаттығу залы, жеңіл, ауыр атлетикамен айналысуға мүмкіндік беретін тренажер залы да қарастырылған. Әр залда ерлер мен әйелдерге арналған жуыну бөлмесі бар. Одан бөлек, шағын футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисін ойнауға да болады. Әр түрлі деңгейдегі чемпионаттарды өткізуге арналған үлкен залымыз бар. Ғимараттың екінші қабатында асхана қарастырылған. Спорт секциялары 7-18 жас аралығындағы балалар үшін тегін, одан жоғары жастағыларға ақылы болады. Спорт кешені пайдалануға берілген кезде мұнда 110 адам жұмыс істейді, оның 50-і бапкерлер. Барлығы да жергілікті мамандар,-деген «Маңғыстау Арена» КММ директоры Зейнулла Оңайбаев облыстағы ең ірі спорт кешенінде күніне 1500 адам жаттыға алатынын айтты.

Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

01

14

13

12

11

09

08

07

06

04

05