Қарақия ауданының Төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі комиссиясының кезекті жиыны өткен аптаның соңында өтті.

Отырысты аудан әкімінің орынбасары Қ.Беков жүргізіп, Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары М. Мұханбетов, Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау басқармасының басшысы Р. Ахметқалиев, «ҚазақАвтоЖол» РМК Маңғыстау облысы филиалының өкілі А.Кулманов, Аудандық АҚ және ТЖ комиссия мүшелері, Құрық,Жетібай, Мұнайшы ауылдарының әкімдері А. Сарқұл, Қ. Асанов, Р. Джулбаевтар қатысты.

2016-2017 жылдардың қыс маусымына әзірлік кездерінде тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің бір қалыпты жұмыс жасауын және коммуналдық шаруашылық қызметін жүргізетін мекемелердің қыс маусымына дайындық барысын пысықтау мақсатында өткен комиссия отырысының күн тәртібі бойынша,әуелгі кезекте, қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы және қызмет көрсететін «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның республикалық маңызы бар жолдардың дайындығы туралы Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б. Байбузов, білім бөлімінің басшысы К. Байбосинова, орталық ауруханасының директоры Б. Байназаров, «Тұрмыс Сервис» МКК директорының м.а. А. Қазиев, «МРЭК» АҚ Қарақия аудандық электр жүйесі басшысы С. Танашев және «ҚазақАвтоЖол» РМК Маңғыстау облысы филиалының өкілі Кулманов Амангелділердің баяндамасы тыңдалды. Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары М. Мұханбетов, жоспар бойынша,Қарақия ауданы, «Кендірлі» аймағында өткізбек болған «Ағын-2016» Республикалық коммандалық штабтық оқу-жаттығу жөнінде кеңінен таныстыру жасады.

Қарақия ауданы Төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі комиссияда дайындық жұмыстары туралы баяндамалар талқыланып, жауапты мекеме басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, 2016-2017 жылдардың қыс маусымының басталуына байланысты барлық білім саласындағы объектілерді жылыту маусымына дайындығын тексеру жұмыстарын жүргізуге, Жетібай ауылында оналасқан Әубакиров көшесінің тоқ желілерін бөлінген қаржыдан тез арада қалпына келтіруге, құрылған аудандық штаб құрамымен бірлесіп барлық коммуналдық объектілерді, әлеуметтік нысандарды және тұрғын үйлердің қысқы дайындығын тексеріп бақылауда ұстауға, үнемделген қаржыдан генератор алуға мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға шешім қабылдап,тиісті басшыларға тапсырмалар берілді.

Отырыс шешімдерінің уақытылы жүзеге асырылу барысы тұрақты бақылауда болатындығы айтылды.

Шынар КЕНДІН