«110 қауырт желі» терроризм актілерін жоспарлау, дайындау, қаржыландыру және ұйымдастыру, азаматтарды террористік және экстремистік ұйымдарға тарту, қарулану, дәстүрлі емес діни ағымдардың радикалды ұстанушыларын оқыту, терроризм және діни экстремизм идеологиясын насихаттау және тарату туралы деректерді жедел жолдауға арналған.

Дүйсенбі күні аудан әкімдігінде терроризмге қарсы күрес жөніндегі үйлестіру комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары Қ.Беков басқарып, терроризмге қарсы күрес даярлығының бірыңғай күні аясында нақты атқарылып жатқан істерге тоқталды.

Күн тәртібінде, терроризмге қарсы дайындықтың бірыңғай күнін өткізу, жедел штабтың материалдық-техникалық жабдықтау тобының міндеттерін пысықтау және қызмет көрсету бойынша, «110» қауырт желісінің мақсат — маңызы туралы түсіндіру жұмыстары қаралды.

Жалпы, Қауіпсіздік Кеңесі отырысының 2016 жылғы 10 маусымдағы хаттамасының 8.2 тармағына сәйкес, жақында ақпарат және коммуникациялар Министрлігімен террористік қауіптерге байланысты хабарламаларды қабылдау үшін «110» бірыңғай нөмірі бөлінген болатын. Азаматтардың Қазақстанның әр нүктесінен «110» нөміріне қоңырауларды жүзеге асырғанда қоңырау аумақтылық сипатқа байланысты ҰҚК департаменттерінің кезекші қызметтеріне түседі. Міне, осы шараны тұрғындарға түсіндіру,маңызды ақпаратпен аудан халқын хабардар ету жөнінде барлық мекеме басшыларына әсіресе, аудандық ішкі саясат бөліміне, аудан газеті редакциясына, аудандық жастар орталығына міндеттер жүктеді. Бұл шараға, аудан болып атсалысып, нәтижелі жұмыс атқаруды тапсырды.

Құрметті азаматтар! Егер де сізге жоспарланып жатырған террорлық акт қаупі белгілі болған жағдайда, радикалды көзқарастағы тұлғалар тарапынан иландыру, қатарларына тарту қадамдары орын алса немесе өзге адамдарға аталған әрекеттер жасалып жатқанына куәгер болсаңыз, сонымен қатар кімде-кім терроризм мен діни экстремизмді насихаттайтын әдебиет пен ақпарат таратқаны туралы хабардар болсаңыз, шұғыл түрде «110» нөміріне қоңырау шалуыңызды сұраймыз. Сіздің қоңырау шалғаныңыз – қатердің алдын алу үшін маңызды! Ел қауіпсіздігі үшін өз үлесіңізді қосыңыз!

Шынар КЕНДІН