Испандық жаттықтырушы каратэ

Биыл халықаралық олимпиада комитеті каратэ-до спортын Олимпиада бағдарламасына қосу туралы шешім қабылдаған болатын. Осыған орай тамыз айының 23 мен 30 аралығында облыс орталығындағы «Волна» спорт мектебінде испандық жаттықтырушылардан тәлім алып, шеберлік шыңдау сабақтары ұйымдастырылған. Бүгінде тәжірибелі мамандар Антонио Олива Себа мен Анджел Делгадо Позодан 100-ге жуық каратэші білім алуда.

— Өздеріңізге белгілі каратэ-до спорты Олимпиада ойындарына енгізілді. Енді 2020 жылы Токиода өтетін жарыстарға біздің маңғыстаулық каратэшілер де қатысып, ел намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз. Каратэ-доның Олимпиада ойындарына енгізілуіне орай халықаралық каратэ-до федерациясы осы спорт түрі жақсы дамып келе жатқан мемлекеттерге халықаралық дәрежедегі белгілі жаттықтырушыларын жіберіп, тәжірибиелерімен бөлісуге шешім қабылдаған болатын. Еліміз бойынша шеберлік сабақтары біздің облыста өтетін болып таңдалды. Бүгінгі шеберлік сабағына еліміздің барлық өңірінен және Грузия, Ресей мемлекеттерінен де спортшылар мен жаттықтырушылар, төрешілер қатысуда. Жалпы аймақта мыңнан астам спортшы спорттың осы түрімен айналысады. Алдағы уақытта барлық аудандарда каратэ-до секцияларын ашу жоспарланған, — дейді біздің басылымға берген сұхбатында Маңғыстау облысы каратэ-до федерациясының президенті Бекмұрат Жүсіпов.

70 жастағы испандық жаттықтырушы Антонио Олива Себаның айтуынша, қазақстандық каратэшілердің деңгейі жоғары, қабілеттері мықты. Сондықтан да олардың арасынан Азия, Әлем чемпионаттарында топ жарып, Олимпиада шыңын бағындыратын каратэшілердің шығатыны даусыз.

— Ақтау қаласына бұған дейін де келіп, тәжірибиеммен бөлісіп жүрмін. Бұл жолғы менің мақсатым-Әлем, Азия, Олимпиада чемпиондарын дайындау. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беру. Жарысқа спортшыларды дайындайтын бапкерлердің біліктілігін арттыру, заманауи тәлім-тәрбие беру. Каратэ-доның жаңа техникасын үйрету. Жалпы қазақстандық спортшылардың деңгейі, физикалық тұрғыдан қабілеті өте мықты екенін атап өткім келеді. Сондықтан да алдағы Олимпиада ойындарында әлем қазақстандық жаңа чемпиондармен танысады деп сенемін, — дейді халықаралық каратэ-до федерациясының жаттықтырушысы Антонио Олива Себа.

Сондай-ақ шара барысында жаттықтырушылар мен төрешілерге халықаралық жарыстың жаңа тәртібі мен ережесі түсіндірілді.

Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ