Түбі бір түрік жұртында болған жағдай қазақстандықтарды да бей-жай қалдырмағаны белгілі. Еліміздің Тәуелсіздігін бірінші боп мойындаған бауырлас Түркияның күні кеше басынан өткен жайтқа баршамыздың алаңдаулымыз заңды да.

Бүгін Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Корхан Кюнгерю мырза Түркия Республикасында орын алған сәтсіз төңкеріс әрекеті туралы мәлімдеме жасады.   

-Түркия 2016 жылғы 15-шілде күні FETÖ лаңкестік ұйымы (Фетхуллах Гүленнің лаңкестік ұйымы) мүшелерінен құралған бір топ әскер бастаған сатқындық төңкеріс әрекетіне тап болды,-деді ол.-Бүлікшілер демократиялық жолмен сайланған еліміздің Президенті, Үкіметі, Парламенті, конституциялық құрылымы және барлық демократиялық институттарына қарсы әрекет етті. 2016 жылғы 15-шілде күні сағат шамамен 22.00-де басталған төңкеріс әрекетіне әлемге үлгі болатындай ерлік пен батылдық көрсетіп, бүлікшілерге қарсы тұрған халқымыздың, Президентіміз бен Үкіметіміздің, қауіпсіздік күштеріміздің, отанына және конституциялық тәртібіне сенімді Түрік қарулы күштерінің едәуір бөлігінің және Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің шынайы ынтымақтастық және ұлттық бірлік үлгісін көрсетуі арқылы келесі күні түскі уақытта тосқауыл қойылды.

Түркия Республикасы Әуе күштері қолбасшылығы, Түркия Республикасы Жандармерия бас қолбасшылығы және кейбір бронетанк бөлімшелері құрамының қатысқаны мәлім болып отырған төңкеріс әрекеті Түрік қарулы күштерінің қолбасшылығы және бұйрық беруге өкілетті тұлғалары тарапынан алғашқы сәттен бастап қолдау көрмеген.

Қауіпсіздік органдары да, прокуратура органдары да төңкеріс әрекеті бойынша қажетті шараларды шұғыл қабылдап, оқиғаның ушығуының алдын алды. Мемлекетімен қоян-қолтық әрекет еткен, тарихи ынтымақтастық үлгісін көрсеткен халқымыз көшелерге шығып, бүлікшілердің танктерінің жолын кесу арқылы төңкеріс әрекетіне тосқауыл болды. Бүлікшілердің ТРТ (Түркия теледидары және радиосы) ғимаратын қарумен басып алу әрекеті мен ғаламтор сынды ақпарат құралдарын қолдану арқылы іске асырылуы жоспарланған «қабылдау операциясына» да тез арада тосқауыл қойылды. Бүлікшілер жеке меншік БАҚ орталықтарын да басып алуға әрекеттенген. Алайда азаматтық қоғамның қарсы шығуы арқасында бұл әрекет те жүзеге аспады. Бұл оқиғада түрік ақпарат құралдары үлкен демократия тағлымын көрсетті.

Саяси партияларымыздың барлығы дерлік демократиямызды, ұлттық ерік-жігерді және соның өкілетті органы болып табылатын Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісін (ТҰҰМ) қорғады. Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі 2016 жылғы 16 шілде күні сағат 15:00-де төтенше отырысқа жиналып, бірлескен мәлімдеме қабылдады. Елшілігіміз мәлімдеме мәтінін әлеуметтік желілері арқылы да жариялады.

Бүлікшілер демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет болып табылатын Түркия Республикасына және Конституциялық тәртіпке қастандық жасауға әрекет етті. Мемлекеттік төңкеріс әрекетін Фетхуллах Гүленнің лаңкестік ұйымы жасағаны белгілі. Түркия Республикасы Үкіметі осы күнге дейін дос және одақтас елдерге бұл ұйымның лаңкестік болмысы мен Фетхуллах Гүленнің шынайы жүзін түсіндіруге тырысқан болатын.

Түркияда жағдай толық бақылауға алынды. Үкіметіміз еліміздің қауіпсіздігі мен азаматтарымыздың тыныштығы үшін қажетті барлық шараларды қабылдауда. Төңкеріс әрекетін жасағандар заңға сәйкес лайықты жазасын алу үшін жауапкершілікке тартылатын болады.

  Достарымыз, одақтастарымыз және әріптестеріміз бен халықаралық ұйымдардың осындай қиын күндерде түбегейлі көзқараспен, ортақ құндылықтар негізінде Түркия демократиясының жанында бізбен бірге және ынтымақтастықта болғанына өте қуаныштымыз. Қанды және сатқындық төңкеріс әрекетіне қарсы болып, алғашқы сәттен-ақ елімізге қолдау және ниеттестік тілектерін жолдаған дос елдер мен мемлекеттік қайраткерлер арасында Қазақстанның және құрметті Президент Назарбаевтың болғанын ризашылықпен қабылдағаңымызды атап өткіміз келеді.

Елімізде демократия, заңның үстемдігі, басты адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында, сондай-ақ,  FETÖ (Фетхуллах Гүленнің лаңкестік ұйымы) лаңкестік ұйымына мүше болған бүлікшілер мен бөлшектеріне қарсы шұғыл алдын алу шаралар қабылдау мақсатында Министрлер кабинетінің қауылысымен 2016 жылғы 21-шілде күні 90 күндік төтенше жағдай режимі жарияланды. Төтенше жағдай еліміздің азаматтарына қарсы емес, бүлікшілерге қарсы қабылданған заңды шара болып табылады.

Түркия—демократиялық және құқықтық мемлекет. Төтенше жағдай бір қатар жаман ниетті топтардың қара насихаттауына қарсы, Еуропадағы және әлемдегі кейбір мысалдар көрсеткендей, демократиялық тәртібімізді және азаматтарымыздың басты құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін, бүлікшілер мен олардың бөлшектері тудырған қауіп-қатерлерді жою үшін жарияланды.

Астана қаласындағы құрметті Елшіміз айтып кеткендей, Түркияда жарияланған төтенше жағдай еліміздің басқа мемлекеттермен, сондай-ақ дос және бауырлас Қазақстанмен, ең әуелі саяхат, туризм, сауда, және инвестициялар сияқты көптеген салалардағы қарым-қатынастарымызға ешқандай теріс әсер тигізбейді. Елімізге қатысты ешқандай сапар шектеулері немесе қауіп-қатерлер жоқ. Тұрақты және чартерлік рейстер жүйелі түрде орындалуда. Түркия шетелдік туристер үшін ең бейбіт және қауіпсіз демалыс айлақтарынан бірі болып табылады.