Ақтау қаласында «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында қолдау тауып, кәсібін өркендетіп отырған кәсіпорындарға «Даму» кәсіпкерлерлікті қолдау Қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалы пресс-тур ұйымдастырды. Тілшілер барған алғашқы нысан «Берекет-Ф» ЖШС-нің макарон және нан өнімдерін шығаратын зауыты болды. Өндіріс орны жұмысымен өңірге іс-сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қабибулла Жақыпов та танысып, оң бағасын берді.

02

Ақтау қаласының тұрғыны Зарета Фаталиева қаржылай қолдау сұрап, «Даму» кәсіпкерлерлікті қолдау Қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалына жүгінген. Кәсіпкер ұсынған бизнес-жоспар жұмысын осыдан бірнеше жыл бұрын бастаған нан зауытында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп (ғимараттың 2,3,4 қабаттарында), макарон өнімдерін шығаратын жаңа цехтар ашу болатын. Өндірістік өнеркәсіп түріне жататын жоба шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау бағдарламасы шеңберінде мақұлданып, жылдық 6 пайызбен несие беріледі.

-Наубайхана мен макарон өнімдерін шығаратын цех ағымдағы жылдың наурыз айында өз жұмысын бастады. Макарон өнімдерінің әзірге алты түрі шығарылуда. Өнімдеріміз Ақтау қаласындағы дүкен сөрелерінде қойылған. Одан бөлек, Жаңаөзен қаласы, Шетпе кентінен, Ақшұқыр, Тельман ауылдарынан тапсырыстар қабылдаймыз. Өндірістің барлық кезеңдерінде тек отандық шикізат қолданылады. Нан өнімдеріне қажет ұнды Бейнеу ауданынан және Орал қаласынан сатып аламыз. Түрлі пішіндегі нан, тоқаш және тәтті нандарды да әзірлейміз. Тағамдарды сатып алушылар саны жетерлік. Келісімшартқа отырған тұтынушылардан бөлек, мектептер, әскери бөлімдер, ауруханалар мен сауда нүктелеріне өзіміз шығаратын нан өнімдерін жеткіземіз. Бағасы қолжетімді, жаңа піскен нан дүкен сөрелерінде ұзақ сақталмай, тез сатылып кетеді,-дейді «Берекет-Ф» ЖШС-нің қызметкері Аида Менажиева.


03

А. Менажиеваның айтуынша, цех тәулігіне 2 тонна макарон шығарады. Мұнда шығарылатын өнімнің бағасы арзан, сапасы жоғары. Кәсіпкер бұл жобаны ішкі нарық сұранысы мен шығындарды есептеп, тиімділігіне көз жеткізген соң барып қолға алыпты.

-Біз шығаратын кез-келген тағам әрдайым жоғары сапалығымен ерекшеленеді. Сауданың өзіндік құнын қайтаруда үлкен шығындарға бармаймыз. Дайын тағамға қымбат баға қойып, кейін өткізе алмай қоймада ұстағанша, қолжетімді бәсімен тез сатқан әлдеқайда тиімді. Алдағы күндері макаронның тағы екі түрі мен жайма шығару жоспарымызда бар. Біз өз ісімізді дамытуға әрқашан көңіл бөлеміз,-деді Аида Менажиева.

Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген: Талант Құсайын