ит

Ежелден жеті қазынаның біріне балаған — иттің адамзатқа көп көмегі тиген. Халқымыз көшпелі тұрмыс салтын ұстанған дәуірлерде жорықта, аңшылық пен шаруашылықта талай қажетіне жараған. Өзге жұрттар да қыстыкүні арбаға қосып, есту, көру, иіс сезу қасиетін түрлі мақсаттарда қолданып келген. Адам баласы осылайша қасқыр тектес жыртқыш жануарды қолға үйретіп, күшін пайдалануды белгілі бір үрдіске айналдырған.  Бірақ не дегенмен иттің аты «ит» емес пе?!

Қазір халқымыз бұрынғыдай жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүрмейді. Десек те итке, ит асырауға сұраныс жойыла қойған жоқ. Әлі де мал шаруашылығында, шалғай ауылдардағы өзге де шаруаларда төрттүлікті қанды ауыз қасқырдың шеңгелінен сақтаушы, бөгделерден «дыбыс беруші құрылғы» ретінде қолданылады. Біреулер тұрмыстық қажетіне осылай жаратса, енді біреулер ермек, сәндік мақсатта ұстайды. Табиғат дарытқан қырағылығы мен мен ептілігінің арқасында ішкі істер саласының да «қажетті құралы».

Жалпы төртаяқты достардың адамға адалдығы мен көмегі түрлі елдерде түрліше айтылып, мысалдармен сипатталып келеді. Тольятти қаласында апат болған жерден егелерін 7 жыл іздеген ит, иесін қарсы алуға 9 жыл бойына  станцияға шығып жүрген – «Хатико», қиын жағдайға қарамастан Аляска штатының Ном қаласына вакцина жеткізген —  Балто, ғылымның дамуына үлес қосқан ғарышкер – Белка мен Стрелка, Ұлы Отан соғысы кезіндегі  Жеңісті жақындатуға үлес қосқан қызметтік овчаркалар, қаншама адамды судан, өрттен арашалап қалған құтқарушы қалқан құлақтар осылардың қатарында. Олардың біразына ескерткіш те қойылған.

Заман қарыштап дамыған сайын иттің «жұмысы» да жаңара түсуде. Үйретілген иттерді біраз шаруаны жеңілдетуге жұмсалып жүр. Бір кездері Нидерланды, Голландия, Польшада қолданыла бастаған канистерапия (итпен емдеу) әдісі бүгінде біздің елде де іске асырылуда. Канистерапия  орталықтарынан мүмкіндігі шектелген балалардың мүмкіндігі артып жатқанына ата-аналары дән риза. Естуімізше, бұл тәсілдің сал, аутимизм, даун ауруларынан емделуге септігі тиетін көрінеді.

Дейтұрғанмен, кейінгі кездері иттің саны артты ма, әлде «иттің бойынан иттік қасиет қашты ма?!» ит десе адамдар шулап шыға келетін болды. Айтатыны «ату керек, жою керек». Ел ағаларымен болған кездесулерде де осы тақырып жоқ дегенде бір рет қозғалады. «Баламызды мектепке жіберуге қорқамыз, көшеде қаңғыбас иттер жүреді»,-деп біреуі сөз бастаса, тағы бір-екеуі «біздің жақта да солай» деп іштей мақұлдасып отырмайтынына кім кепіл?

Бұған ит аулаумен айналысушы мекемелер бәлен мыңы ұсталып, бәленінің көзі құртылды деген жауабыналға тартады.

−  Бұралқы иттердің көбеюіне тұрғындар — өзіміз себепшіміз. Себебі, күшік кезінде асыраймыз, бағып-қағамыз да, өскен соң бос жібере саламыз. Осыдан келіп қаңғыбасқа айналады. Иттер өте тез көбейеді. 6 айдан бастап күшіктейді. Олардың санын азайтпаса, уақыт өте келе қоғамға өте үлкен зиян келтіреді. Аулап, жоюға да қаншама қаражат жұмсалатынын ұмытпау керек,-дегенді айтады иесіз иттер мен мысықтарды аулауды жүзеге асырушы аудандық ветеринариялық станцияның директоры Ұлтан Қапашев. Аталмыш мекемеден алған ақпарға сүйенсек, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 3 мың 215 бас ит ұсталып, көзі жойылыпты. Сол үшін арнайы 6 бригада жұмыс жасауда. Таңмен таласа тұрып, иттің артын аңдуға кеткен уақыт, жұмсалған қаражат тағы бар.

−  Аудан аумағында қаңғыбас ит жоқ деуге болады. Көшеде жүрген иттер иесі бар, бақылаусыз жүрген иттер. Алайда адамдарды тістеу фактілері азаяр емес. Сондықтан аудан тұрғындарына үй жануарларын шарбақтан шығармай ұстауын ескертеміз. Үй ауласынан шығып бақылаусыз, шылбырсыз, тұмұлдырықсыз жүрген иттер үшін  ит иесіне ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408 бабының 1 тармағына  сәйкес,  ескерту немесе 3 айлық (6363 теңге) есептілік  көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер тістеген жағдайда 408 бабының 2 тармағына сәйкес, 21 мың 210 теңге айыппұл өндіріледі,-дейді ветеринариялық станция директоры.

Тұрғындардың әңгімесі болса мынау: «Бұрындары «ит – адамның досы» десек, енді «пәленшенің түгеншесін» ит қауыпты, ит көрсең алыстау жүр дегенді бүлдіршіндеріміздің құлағына құятын болдық». Осыған қарап, соншама жануар қайдан «дөреп» жатыр, сірә ол жауынмен түсер саңырауқұлақ болмаса игі еді деген сауал туады. «Заманына қарай адамы»әлде «адамына қарай иті» дейік пе, қалай?! Бір кездері аңға шауып, қасқыр қайтарады деп қолдан қол асқан «бөрібасарлар» бүгінде «балабасарға» айналып бара жатырғаны жасырын емес.

«Балабасар» деуіміз бекер емес. Жыл басынан бергі алты ай ішінде ит тістегендердің 130-ы балалар болып шықты. Бұл сан жәбірленгендердің тең жартысынан асып жығылады. Демек, не бәрі жарты жылдың ішінде осынша қаракөзіміз иттен жәбір көрді. Сілекейі шұбырған азулы тістер олардың нәп-нәзік денесіне жарақат салды. Тән жарасы бір күні бітер, сәби жүрегіне түскен өзге жаралар, қорқыныш, үрейжазыла ма? Осы ойлантады.

Ал, ішкі істер органының мәліметін негізге алсақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің «Иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын,  иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу» бабы бойынша, аудандық ІІБ Жергілікті  полиция қызметінің қызметкерлерімен 2015 жылдың жартыжылдық есептік кезеңінде 340 құқық бұзушылық анықталған. Ағымдағы жылдың есептік кезеңінде 454 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Соған қарамастан, ит тістеу фактілері азаяр емес. Тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының дерегі бойынша, жыл басынан бергі алты ай ішінде 235 адам ит тістеу салдарынан зардап шеккен. Оның 164-і белгісіз ит. Өткен жылдың тиісті кезеңінде 224 адам жәбір көріп, 144-і белгісіз иттермен байланысты болған. Бас, мойын, бет, саусақтарды тістеу 32-ні, бірнеше жерден жарақаттау дерегі 17-ні құраған.

− Биылғы жарты жыл ішінде ит қауып алғандардың көбі бала. Қалғаны әртүрлі жастағылар, ішінде үй аралап түбіртек таратушы қызметкерлер, аула аралаушы медицина мамандары да бар. Балалармен байланысты жағдай көбінесе иттерге тамақ беру, олармен ойнау, ашуландыру барысында орын алады екен. Сондықтан үй жануарларын асыраушылар арнайы ережеге бағынуы қажет. Тиісті құжат алып, уақытылы ектіріп, шарбақтың ішінде ұстағаны жөн. Олай болмаған жағдайда көшеде бос жүрген жануар адамдарды жарақаттауы, соның салдарынан құтыру қаупі де орын алуы ықтимал. Әрі қаншама шығынға соқтырады. Егер ит белгілі болса, 3 рет, олай болмаса 6 рет екпе алып, құтыру қаупін сейілту керек. Бұған барлығы 7 және 90 күн кетеді,-дейді аудандық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Ботакөз Исаева.

                                                                         ТҮЙІН:

Бірде жолдан серік болған бейтаныс бір ақсақалдың ит жөнінде әңгімелерін естіген едім. Өз өмірінде кездескен қызық оқиғасын, иттіңжақсылығы мен жамандығын айтып отырды.«Сөз сүйектен өтеді» дегендей қарияның сол сөздері ерекше есімде қалыпты.

«Ит өсіріп, ұнамай қалса жөніне жіберіп, қаңғырған күшіктерді көбейткенше, неге бір қой бағып, қозы төлдетпеске?!Кейін ит ату керек дейміз. Әр нәрсенің де киесі бар.Сақтық үшін сақтасаң, үйіңнен шығарма. Жануардың да,адамның да обалын алма!

Осы күні ысырап көп. Үйден ауысқан тамақ та, қалған нан да қоқыста жатады.Иесіз иттердің өсіп-өнуіне сеп болып жатырған да осындай, жоққа бере алмайтынтоқтықтың көрінісі емес пе?!»,-деген еді ашына.

Бұл сөзге біздің де алып-қосарымыз жоқ. Ауламыздағы итімізге ие болайық, ағайын!