Әр қылмыстық істің артында адам тағдыры тұр деп қарайтын болсақ, оны үлкен-кіші деп бөлмеген абзал. «Ұрлық түбі –қорлық», — демекші, қылмыскер бәрібір жазасыз қалмайды. Сол секілді, адам бар жерде, қылмыс та қатар жүретіні белгілі. Осы орайда біз Мұнайлы аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Айғарақов Қалдымұрат Бисенұлымен жолығып, аудандағы қылмыстық ахуал жөнінде тілдескен едік. 

Қалдымұрат мырза, сұхбатымыздың мазмұны қоғамның әлеуметтік ауруына айналған ұрлық-қарлық, оның ішінде пәтер ұрлығы жайында болмақ.

─ Иә. Күн тәртібінен түспей келе жатқан қылмыстың бұл түрін өзекті мәселе деуге болады. Ұрлық қылмысы – бұл адамның жеке мүлкін жасырын қымқыру. Жәбірленуші мен басқа адамдар байқамайды деген сеніммен қылмыскердің мүлікті жасырын жымқыруы  ұрлықтың тонау мен барымталаудан айырмашылығы болып табылады. Осы тақырыпқа сәйкес, үстіміздегі жылдың алты ай қорытындысы бойынша ауданда 258 қылмыс тіркелді. Оның 31,7 пайызы ашылды.  Қылмыстың ашылу деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 0,4 пайызға өсті. Өткен жылы пәтер ұрлығына қатысты 129 қылмыс тіркелген болса, биыл 101 қылмысқа түсті.

Ал, оның себеп-салдарын неден іздеуге болады?

─ Ұрлықшылар әр түрлі себеп айтады. Тұрмыс жұтаңдығы, жұмыссыздық. Біреулерде мұндай үптеу істері әдетке айналып кеткен. Қол сұғанағы дейміз ғой. Әйтсе де, біздің бірінші міндетіміз – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Соның ішінде қылмыспен күресу, оны болдырмау. Аудандағы қылмыс саны азаюының басты себебі — қылмыстың алдын алу барысында біз рейдтік шаралар өткізіп тұрамыз. Қылмыс орнына баратын  жедел тобымыз (тергеуші, жедел уәкіл, криминалист) бар. Осы үш адам барып қылмыстың мән-жайын анықтайды. Криминалист ұрлық түскен обьектідегі қол, аяқ іздерін тексереді. Қазір күдіктіні иіс арқылы да табуға болады. Біздің қазіргі бағытымыз қылмысты қол және аяқ іздерімен ашу болып тұр. Басқалай жолы — қылмыс болған үйдің көршілерінен болмаса тоналған үй иесінің өзінен сұрақ-жауап аламыз.

Қылмыстың ашылу деңгейі көңіл көншіте ме?

─Ұрлықтың да түр-түрі болады ғой.  Біреулері үлкен мөлшерде, кейбірі ұсақ санаттағы қылмыстар. Бірақ, «бұзауды ұрлаған өгізді де ұрлайды» деген сөз бар ғой. Ұсақ қылмыс біртіндеп үлкен қылмысқа айналмасына кім кепіл? Көшеде түнгі мезгілде бей-берекет жүрген жасөспірімдерді тергеп-тексеруден де ашылып жатқан қылмыстар бар. Бізде мәліметтер базасы бар. Соған қолдың, аяқтың іздерін енгізіп қоямыз, сол арқылы да жұмыс жасауға болады. Жеке басын анықтап, қол іздеріне сәйкес анықталған ұрлық қылмыстары да кездеседі. Әсіресе, жаз мезгілінде көшеде көп жүреді жастар. Өткенде жасөспірім балалардың ұрлығы болды. Ұсталды. Біреудің үйіне жасырын кіріп, ештеңе ұрламаған, тоңазытқышта тұрған тағамдарын жеп кеткен. Бірақ, ол ұрлық қылмысы болып есептеледі.

Ұрлық жасап дәніккен ұрлықшылар ауданның қай аумақтарын  жиі торуылдайды?

─ Ағымдағы жылдың алты айы ішінде талдау жасағанбыз. Сонда жиі орын алған ұрлық қылмысы бойынша Маңғыстау селосы көш басында. Одан кейін Басқұдық, Атамекен ауылдары тұр. Кейінгі екі елді мекен Ақтау қаласына жақын орналасқандықтан, жан-жақтан келіп-кетушілер көп. Мысалы, Дәулет, Баянды ауылдарында ұрлық қылмысы төмендеу. Себебі, олардың халқы тұрғылықты. Біздегі екінші проблема-Батыр селосы. Мұнда баспана тұрғызушылардың көбі Ақтаулық тұрғындар. Не шарбағы, не оның затына қарайтын қарауыл адамы жоқ ол жерде.  Біз міндетімізді орындаймыз, орындап та жүрміз. Бірақ, халықтың өзі де қылмыстың алдын алуға ынталанса дұрыс болар еді. Үй салғанда алдымен шарбақтан бастап дегендей. Жазды былай қойғанда қыс мезгілінде де осы ауылда ұрлық болып жатады. Цемент, тастарын жымқырып кетеді.

Ұрлық қай мезгілдерде көбейеді? Ұрылардан зәбір көрген отбасылардан мысал келтірсеңіз?

─ «Ұры өле-өлгенше ақпын дейді»-, дегендей, қылмыс жасап үйренген, сондайға бейім тұратын адамдар кейде бір қарағанда-ақ белгілі болады. Мысалы, біз қылмыс жасаған балдарды ұстаймыз. Сондайда ата-аналары келіп, наразы болады. Ал, артынан тексеріп, қылмысы әшкереленгенде не айтарларын білмей жатады. Бұл да ойлантатын мәселе. Ешбір ата-ата баласын жамандыққа қимайтыны рас. Ендеше, балаларына бас-көз болсын. Ол немен айналысып, қайда жүр, достары кімдер дегендей. Ұрлықшылар көбінесе ақша мен алтын бұйымдар ұрлайды. Ал, жақында Басқұдықта бір ұрлық болды. Теледидар ұрланған. Сол сияқты Қызылтөбе ауылында мал ұрлығы орын алды. Қорасындағы лағын ұрлап кеткен. Өткен жылғы ұрлық тіптен, ұят. Бала өз үйіне түскен.  Терезеден кіргендей етіп, ашық-шашық қалдырған да өзінің кілтімен кіріп, үйінен ақша ұрлаған. Жедел уәкілдеріміз бәрін анықтап, ашып берді қылмысты. Айта берсек, көп. Былтыр 38 телефон ұрланса, биыл 39-ы тіркелді.

Қылмыстың көбі негізі түнде болады ғой. Десек те, өткен бес айда ұрлық қылмысы күндізгі уақытта да көбейіп кетті. Үй иесінің жұмыста болған уақытын пайдаланатын қылмыскерлер бөтеннің мүлкін үптеп кетеді. Сосын халықтың демалатын бесінші, алтыншы күндері қылмыс «жасара» түседі. Сол күндері біз де күшейтілген түрде жұмыс жүргіземіз. Күнделікті рейдке 6-7 экипаж шығатын болса, 5-6 күндері біз 14-ін жібереміз. Маңғыстау, Басқұдық селоларына жаңағыдай күшейтілген түрде жұмылған едік. Нәтижесінде біраз ұрлық қылмысы, айғақ заттарымен бірге табылды. Мұның бәрі күндізгі рейдтік шаралардың арқасы. Ішкі істер департаментінен бөлінген 4 атымыз бар. Солармен күндізгі уақытта патрульдейміз. Қорытындысы жаман емес. Тек пәтер ұрлығы ғана емес, басқа да қылмыскерлер құрықталуда.

Пәтер тонауды кәсіпке айналдырғандар кімдер? Яғни, қылмыстық әлемде қай жастағылардың үлесі басым?

─ Анализ нәтижелері қылмыстық әлемде 20 мен 35 жас арасындағы азаматтардың үлесі басым екендігін көрсетеді.

Аудан тұрғындарының тыныштығын қамтамасыз ету үшін қандай сақтық шараларды қолға алып жатсыздар?

─ Бізде жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары бар ғой. Солар ай сайын халықпен кездесу өткізеді. Түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мұнайлы ауданында жер үй көп. Және жерінің аумағы үлкен. Жаңадан салынып жатқан үйлерде бейнекамера мен дабыл қаққыш құрылғыны айтпағанда, шарбағы жоқ. Мысалы, этажды үйлерде ұрлық қылмысы орын алған жағдайда оны ашуға мүмкіндік көбірек. Халықпен кездескенде де біз қарақшылардан сақтанудың жолдарын айтып жүреміз. Қазір біз аудан бойынша  халық көп шоғырланатын, қылмыс көп болатын аумақтарға, сауда орталықтарына, жол бойларына жыл аяғына дейін  30 бейнекамера қойғалы жатырмыз.

Тұрғындарға қандай ұсыныс-пікір немесе ескерту айтасыз?

─ Тұрғындарға айтарым, ұрлық болған жағдайда полиция бөлімшесіне хабарласыңыздар. Біздің байланыс нөміріміз: 46-50-02, 47-55-00. Облыста 102. Облыс арқылы біздің кезекшілерімізге хабарланады. Сосын біздің нарядымыз барады. Олар жедел топ келгенше қылмыс болған жерді қоршайды, адамдарды кіргізбейді, шығармайды, айғақ заттарға қол тигізбейді. Ұрлық болған пәтерде сірә, адам болмайды ғой.  Көршілерден жауап алады. Көрген-білген адамдарды сөйлетеді. Жақын маңдағы камераларды қарайды. Ұрлықтың көбі терезе арқылы келеді. Сондықтан, тұрғындар ең болмаса терезелерін темір тормен қаптап қойса өздерінің қамы. Дабыл қаққыш  орнатса, тіптен жақсы. Өзіңнің жеке меншік үйің, төрт бұрышына бейнекамера  қоюға да болады. Мысалы, кейбіреулердің 300-400-500 мың ақшалары ұрланып жатады. Осынша ақшаны үйде ұстайды екен, сақтық шараларын да ойлау керек. «Сақтансаң, сақтаймын»,- дегендей, бәрін полицияның мойнына іліп қоймай, өздері де қамданса, етек-жеңін жиса деген ұсыныс бар. Бейнекамераның сапасы мен бағасына қарай түрлері көп. Кейбір дүкендердегінің тек аты камера. Бұлыңғыр, дым көрінбейді. Адамның түрі мүлде көрінбейді. Осылайша халық тарапынан бізге азғантай көмек болса, қуанар едік. Мысалы, кейбір көршілерден қылмыс жайын сұрасаң, ештеңе білмеймін деп ат-тонын алып қашады. Көрсе де, мойындамайды. Біздің мамандығымызға да түсіністікпен қараса жөн болар. Есігін қақсаң, білмейміз деп тарс жауып алады. Біз олардың көп уақытын алмаймыз, тек көргенін, білгенін айтса, жетіп жатыр.

Сұхбатыңызға рахмет.