Қызылтөбе ауылындағы бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығында жіті ішек ауруларының алдын алуға бағытталған акция ұйымдастырылды.

ЖРВИ Жастар жетістіктері Жақсыгүл Маханбетова

Шараны «Жастар жетістіктері» қоғамдық қоры облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында аудандық емхананың қолдауымен жүзеге асырды. Онда тұрғындарға жаз маусымында жеміс-жидектер мен тамақ өнімдерін дұрыс пайдалану жолдары айтылды. Сақтық шаралары сөз болып,  балалардың жеке тазалығы туралы біліктілігі сыналды. Олар қолды қалай жуып, жемістерді қалай тұтынып жүргендігін тәжірибе жүзінде жиналғандарға көрсетті.  Қатысушыларға бір реттік қағаз сүлгілер мен сусабын және түсінік парақшалары таратылды.

− Маусымдық инфекциялардың алдын алу, қоғамның назарын аудару бағытында халық арасында түсіндірме жұмысын жүргізудеміз. Мұндағы мақсат қоғамның жеке гигиенасына назар аударту, гигиеналық мәдениет қалыптастыруға, жеделішек жолдары инфекциясын болдырмауға әсер ету. Қазір жеміс-жидектердің базары қызатын, азық-түліктің сақтауға шыдамсыз кезі болғандықтан көбіне үлкендердің бейқамдығынан бүлдіршіндеріміз зардап шегіп жатады. Жұқпалы аурулар ауруханасына барсаң емделіп жатқандардың біразы балақайлар. Сондықтан сақтық шараларына назар аударып, уақытылы дәрігерлік кеңес алу керектігін аналарымызға жеткізудеміз,-деді «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова.

Ж. Маханбетованың айтуынша, жоба аясында осындай 4 кездесу жоспарланыпты. Соның бірі Атамекен ауылында да өтті.