Киелі Маңғыстау өлкесіне Оралдан бір топ өнерпаз келді. Батыс Қазақстан облысының Маңғыстау облысындағы өнер күндері аясында екі облыстың достығын, ынтымағын насихаттау, екі облыс арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында өңірге келген меймандар ҚР Президенті жанынан құрылған Орталық коммуникация қызметі аймақтық филиалында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

-Маңғыстау өлкесіне алғаш рет келіп отырмыз. Маңғыстаулық көзі қарақты көрермен біздің өнерпаздардың өнерін қалай бағалайды, көңілдерінен шыға аламыз ба деген толқыныстың бар екенін жасырмаймын. Жалпы біздің делегация құрамында 157 адам бар. Осыдан бір апта бұрын біздің өнерпаздар Маңғыстау облысының аудандарын аралап, ауыл-аймаққа концерт қойды. Бүгінгі қорытынды концерттік бағдарламамызда дәстүрлі өнерден бөлек, эстардалық бағытта да әндер шырқалады. Халықтық, симфониялық ансамбліміз өнер көрсетеді. Дайындығымыз жоғары деңгейде,-деген БҚО халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетов алдағы қыркүйек айында Орал қаласында Маңғыстау облысының өнер апталығы өтетіндігін айтты.

Поэзия әлеміне саяхат жасап, ақын шығармаларымен жақын танысқыңыз келсе, бүгін сағат 16:00 де Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде өтетін «Ақ Жайық. Ақ шағала. Ақұштап» атты Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылық кешіне асығыңыз. Өнер күндері кешкісін сағат 19:00 де «Ақ ерке Ақжайықтан-киелі Маңғыстауға» атты концертімен қорытындыланады деп жоспарланған.

Венера МИРЛАН