Жуырда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында облыста ұйымдастырылатын саяси және мәдени-көпшілік шаралар туралы құзырлы органдардың есеп беруі тыңдалды.

Жиында еліміздің басты мейрамы – ҚР Тәуелсіздінің 25 жылдығы іргелі істермен айшықталуы, ұлы тойға үн қосуы хақында әңгіме өрбіліп, ұтымды ұсыныстар, пайымды пікірлер ортаға салынды.
Алғашқы сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев 2016 жылдың басынан бері өңірде өткізілген шараларға тоқталып, алдағы жоспарлармен таныстырып, айтулы мерекеге қызу дайындық жүріп жатқанын атап өтті:
-Өткен жылы ұлттың тарихын зерделейтін, ұлықтайтын мерейтойларға толы болса, биыл ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Маңғыстаудағы мәдениет ошақтарында жарқын жобалар жүзеге асып, халықты рухани азықпен қамтитын концерттер, қойылымдар, кештер, көрмелер ұйымдастырылды. Өнерпаздарымыз республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, аймағымыздың мерейін асырды. Енді шілденің басында Маңғыстауда Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері өткізіледі. Екі облыстың арасын жалғап, байланысын бекітетін мәдениет күндері елге белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылық кешімен ашылып, 170-ке жуық өнерпаздарының гала концерті өтеді. Сондай-ақ шілде айында Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театры Алматы облысына гастролдік сапарға шықпақ. Алдағы Астана күніне орай Елордада өтетін «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көшпенділер өркениеті фестивалі аясында музейлер көрмесіне облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қатысады. Ал Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі «Серпер» Халықаралық фестивалінде өнер көрсетеді деп күтілуде. Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевты мәңгі есте қалдыру және оның тарихи-мәдени, әдеби мұрасын насихаттау жөніндегі комиссиясы шешімімен «Әбіш әлемі» атты журнал алманах шығару жоспарланған. Және Ә.Кекілбаев атындағы І республикалық театрлар фестивалін өткізу көзделген,-деді ол.
Сондай-ақ мәдениет басшысының сөзінше, тамыз айында белгілі халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабыловтың 140 жыл, көрнекті ақын Қашаған Күржіманұлының 175 жылдығына орай облыстық «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» атты этнографиялық фестивалі, қыркүйекте Маңғыстау облысының Батыс Қазақстан облысындағы мәдениет күндері өткізіледі.
Одан соң сөз кезегін алған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ержан Күмісқалиев БАҚ өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, аймақтық телеарнада, облыстық басылымдарда тәуелсіздікке жеткен сәттің куәгері болған жандармен дидарласу, 25 жылда жеткен берекелі белестер, толағай табыстар жайында бағдарламалар көрсетіліп, мақалалар жарияланып, мерекеге орай ведомствоаралық топ құрылып, ұйымдастырылатын шаралардың жоспары бекітілгенін жеткізді.
Отырыс соңында қоғамдық кеңес мүшелері ұсыныстарын алға тартты: алаңдарда өтетін мерекелік шерулерді мотоциклистер коллонасы емес, мемлекеттік ту ұстаған, ұлттық киімдер киген, ат үстіне мінген жастар бастаса, мемлекеттік мекемелер, басқармалар, ұйымдар талдар егіп, ауласын аббатандырса деген тілектерін білдірді.

Ханым ҚУАТ
Суретті түсірген Надежда Шульга