Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Телестудия &Фотостудия» үйірмесінің тәрбиеленушісі, 8 «А»сынып оқушысы Асылай Нұрғалиева маусым айының 15-16-сы күні Астанада ІІІ рет ұйымдастырылған жас тілшілер медиафорумына қатысып қайтты.

Казмедиа (267)
Кез келген бала өмірінде бір рет болса да қалам ұстап қарымды мақала жазып, микрофон, камера арқылы қоғам пікірін көрсететін журналист болуды армандаған болар. Әйткенмен, уақыт өте есейіп, құндылықтар мен қызығушылықтардың, тілектердің өзгеруіне байланысты көбі өз ойларын өзгертіп, басқа мамандықтарды таңдап жатады. Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Телестудия & Фотостудия» үйірмесі оқушыларға қыры мен сыры көп журналистика саласында өз бақтарын сынап, армандарының орындалуына мүмкіндік береді. Қажетті техникамен жабдықталған студияда оқушылар жаңалықтар, бағдарламалар түсіріп, таспагерлік шеберлікті меңгереді.Тоғыз ай ішінде обьективтің қыр-сырын лезде меңгерген оқушылар арнайы жобалар мен бағдарламалар түсіруге көшті. Зияткерлік мектеп оқушылардың шығармашылық дамуын одан әрі жалғастыру мақсатында маусым айының ортасында үйірме қатысушы, жас таспагер әрі монтаждаушы Асылай Нұрғалиеваны Астана қаласында ұйымдастырылған ІІІ «Қаламұш қуаты» жас тілшілер медиафорумына аттандырды.

— Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жанындағы «Телестудия & Фотостудия» үйірмесіне 8-11 сынып оқушылары бос уақытында қатысады. 11 қатысушының ішінен Астана қаласында өтетін медиафорумға қатысатынымды естігенде қатты қуандым. Бұл форум маған көптеген мүмкіндіктер мен пайдалы ақпараттар берді. Екі күндік кездесу барысында тренингтер мен кеңестер, кездесулер ұйымдастырылды,- дейді жас тілші Асылай Нұрғалиева.

Казмедиа (207)

Жыл сайын ұйымдастырылатын медиафорумға осы жолы республиканың түкпір-түкпіріндегі зияткерлік мектептерден 19 оқушы қатысты. Алғашқы күні олар «Қазмедиа» орталығын араласа, екінші күн Назарбаев Университетімен танысуға, белгілі тележүргізушілерден дәріс алуға арналды.

День 2 (80)

— «Қазмедиа» орталығы еліміздің негізгі 8 телеарнасы мен 3 радиосы орналасқан, атап айтсақ: «Хабар» Агенттігі» АҚ («Хабар», «24 KZ», «KazakhTV» телеарналары), «Қазақстан» РТРК («Қазақстан», «Балапан», «KazSport» телеарналары, «Қазақ радиосы», «Шалқар» және «Астана» радиолары), «Еуразия» Бірінші арнасы, «МИР» телерадиокешені. Сондай-ақ орталық Қазақстандағы барлық ұлттық медиа хабар таратуының сапалы болуына жауапты жалғыз технологиялық алаң. Біз аталған телеарналар студияларын, радио жұмысымен таныстық. Тіпті «Астана» радиосының «Кеш жарық» бағдарламасына тікелей эфирге шықтық. Зияткерлік мектептегі оқу барысы жайлы әңгіме өрбітіп, DJ жұмысын бақыладық,- деді Асылай сапар туралы.

День 2 (89)

Жас тілшілердің сөзінше, оларды таңқалдырған тағы бір орталық Назарбаев Университеті. Форумның екінші күнінде университетке жасалған кампус-тур барысында оқушылар университет мүмкіндіктерімен, оған түсу жолдары жайлы құлақтандырылды. Асылай:

— Бізге «24kz» телеарнасының жаңалықтар қызметінің жүргізушісі, диктор Лаура Жакупова дәріс оқыды. Ол эфир барысында жіберуге болмайтын қателіктер мен диктор жұмысына қатысты кеңес берді. Кейін жүргізуші Дулат Абибуллаевтан бағдарламаны жоспарлау туралы дәрістыңдадық. Өз білгендерімен бөлісіп, сауалдарымызға толыққанды жауап берді, — деді  тренинг туралы.

ІІІ Медиафорумның қорытынды кезеңі аймақтардан жиналған жас тілшілер өздері белгілі тақырыпта бейнематериал дайындап, оны байқауға жолдайды. Кейіннен Астана қаласында ең үздік материал анықталады.

Казмедиа (2)

— Медиафорумның бір ерекшелігі әр жыл сайын басқа оқушы барады. Бұл тәрбиеленушілер үшін үлкен стимул деп есептеймін. Зияткерлік мектеп жанындағы «Телестудия &Фотостудия» үйірмесі элективті курс ретінде жүрсе де оқушыларға өз армандары мен тілектеріне жетуге мүмкіндік жасады. Бұл әр оқушы ұшін маңызды. Үйірмеде мен фото, видео түсіріп оны, өңдеуді жақсы көремін. Алдағы уақытта әлі де өз шеберлігімді шыңдай түсемін. Өз мүмкіндіктерімді бағалауға көмек берген мектеп ұжымына алғысымды білдіремін,-деп қорытындылады сөзін Асылай.

Рысгул РАМАЗАНОВА
Ақтау қаласы
химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы