Қасиетті Тараз қаласында самбо күресінен 2000-2001 жылы туған  жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан чемпионаты тәмамдалып, жеңімпаздар анықталды. Байрақты бәсекеден маңғыстаулық балуан, облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті 87 келі салмақта Мұханбет Зұлхайнаров чемпион атанып, алтыннан алқа тақты.

Сондай-ақ, 40 келі салмакта Айгерім Ретбаева күмісті еншілесе, 44 келі салмақта Айгерім Еламанова мен 52 келі салмақта Дәурен Төлегенов қола медальді қанағат тұтты.

— Жалпы жарысқа еліміздің барлық аймағынан 400 балуан қатысып, бақтарын сынады. Маңғыстаулық ұлдарды Берік Жұмағалиев пен Ерлан Серіков дайындаса, облыстың қыздарын мен және Айбек Бисекенов дайындады.  Жарысқа 4 қызды апардым, оның екеуі жүлделі орыннан көрініп, үмітімізді ақтады. Жарыста жеңімпаз атанғандар биыл өтетін Азия мен Әлем чемпионаттарына қатыса алады. Бұл жолы шәкіртім Айгерім Ретбаева алматылық, талдықорғандық, павлодарлық, қостанайлық балуан қыздарды айқын басымдылықпен жеңіп,  финальда семейлік қызға есесін жіберді. Ал, Айгерім Еламанова болса шығысқазақстандық, алматылық, атыраулық, тараздық балуандардың уысынан жеңісті суырып алып, шешуші сәтті алматылық балуанға жол берді. Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен Маңғыстау облыстық әкімдігіне, облыстық спорт басқармасына және мектеп басшылығына алғыс айтамыз, — дейді облыстың самбодан қыздар командасының бас бапкері Нұржан Айдынғалиев.

Венера МИРЛАН

Тағы оқыңыз: Теміржол өткелдеріндегі жол апатына тосқауыл бар ма?