балықшы

Төтенше жағдайлардың алдын алу, суда зардап шеккен адамдарға көмек көрсету және адам өмірін қорғау – «Жедел құтқару жасағының» басты міндеті. Олардың пункттері Ақтау қаласында, Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында, Қарақия ауданының Құрық кентінде және Кендірлі демалыс орнында орналасқан. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Жедел құтқару жасағы» теңіз жағасында демалушылар мен теңізде балық аулаушыларды апатты жағдайлардан сақ болуды ескертеді.

Балық аулауға шықпастан бұрын ауа райы болжамын білу қажет.

Қарт Каспийдің мінезі беймәлім, аяқ астынан өзгеруі мүмкін. Әр адам теңізге шыққанда өзімен бірге ұялы телефон, құтқару күртешесін, құтқару шеңберін, орналасқан жеріңізді көрсететін, қайда екеніңізді білдіретін құрал, ысқырғыш т.б. құралдарын алып жүру керек. Теңізге жалғыз шықпаңыз, ішімдік ішпеңіз.

Тағы оқыңыздар: Әбіш әлемін тану — әр қазақ үшін қажет дүние

Облыс көлемінде балық аулаймыз деп қайғылы жағдайға ұшыраған балық аулаушыларды білетін шығарсыздар?! Сіздерді үйде қамқор болған ата-анаңыз, сүйіп қосылған жарыңыз, балаларыңыз күтіп отыр. Жұмыстан келгенде балаларыңыздың алдыңнан тәтелеп шыққаны, сүйіктіңіздің күтіп алғаны, ата-анаңыз, бәрі-бәрі – нағыз бақыт, зор қуаныш екенін түсініңіз.

Қайда болсаңыздар да қауіп-қатерден, апаттан, судан абай болыңыздар! Біздің мақсат – қорқыту емес, ескерту. Сақтансаң сақтайды!

Әділ БОТАБАЕВ,

Маңғыстау облысы ТЖД «Жедел құтқару жасағы» ММ-нің құтқарушысы