мұнайлы

Мұнайлының және онымен тетелес Басқұдық ауылының 10 жылдығына Басқұдықта «Өнерімді арнаймын мен аулыма» атты кеш ұйымдастырылды.

Мерекелік шара ауылдағы сауда орталығының алдындағы ашық алаңда аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев, ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарушы Өсер Тлеповтың қатысуымен өтті. Н. Төлегенұлы өз сөзінде «Тәуелсіз ел тарихында тұңғыш ашылған  ауданымыздың және Басқұдық ауылдық округінің мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін мерейтойды атап өтуді бүгін  Басқұдықтан бастағалы отырмыз», — деп атап баршаны 5-6 қазан күндеріне жоспарланған ауданның 10 жасқа толу тойына шақырды.

Ауыл тұрғындарына ағайынды айтыскер ақындар Нұрлан, Фархат Мусаевтар жетекшілік ететін «Жыр-жебе» ақындар мектебінің шәкірттері мен аудан өнерпаздары өнерін ұсынды. Өткеннен жеткен аталы сөзді ел арасында насихаттап, халықтың рухын жаңғыртып жүрген жыршы-термешілерді «Басқұдық» сауда үйінің директоры Ерболат Айтжан қаржылай сыйлықпен, ауыл басшылығы Алғыспен марапаттады. Сондай-ақ Басқұдық спорт мектебінің атын асқақтатып, ауыл мен аудан мерейін әлемге танытып жүрген спортшы жастардың есімі көпшіліктің алдында аталып, бағалы сыйлықтар берілді.

Көңілді жиынның соңы қарттар күніне орай кешке келген ақсақалдар мен ақжаулықты әжелерге жайылған дастарқан басында жалғасты.