Тіл

Жуырда Жаңаөзен қаласындағы «Мұнайшы» мәдениет үйінде «Тіл сарбазы — 2017» атты қалалық байқауы өтті. Оған қаладағы жалпы білім беретін орта мектептер мен арнаулы білім орындарының ұстаздары қатысты.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуы тиіс» деген.

Жаңаөзендік ұстаздар жарысқа түстіБайқауда қатысушылардың жасына шектеу қойылмады. Үш кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы кезеңінде топтың ұраны, мақсаты мен топ құрамы таныстырылды. Бұл сайыста ерекше дайындығымен №7, №11 және №15 орта мектептері көзге түсті. №7 орта мектептен келген «Самғау» тобы өздерін бейнеролик арқылы таныстырып, сайыс өтетін орынға дейін жүріп өткен жолдарын видеоға таспалаған. Ал, №11 орта мектептің «Көшбасшы» тобы өздерінің музыкалық таныстыруымен ерекше көзге түсіп, өзінен кейінгі шығатын топтарға серпін берді. Қатысушылардың ішінде дайындығы жақсы болғанын дәлелдеген №15 мектеп ұстаздары болды. «Болар бала он бесінде баспын дейді» демекші, топ құрамындағы жас мамандардың қағазға қарамай, өздерін жақсы таныстырғаны қазылар алқасының көңілінен шыққаны байқалып-ақ тұрды.

Тағы оқыңыздар: Парақорлық қайдан шығады?

Келесі кезеңнің мақсаты мемлекеттік тілде құжат әзірлеу қабілетін анықтау. Сайысқа қатысып жатқан 14 топқа іс қағаздарын орыс тілінен мемлекеттік тілімізге аудару тапсырылды. Ал, шешуші соңғы кезеңі «Терминдер әлемі» деп аталды. Байқауда берілетін ауызша тапсырма, қамтушы топқа орыс тіліндегі терминдер тізімі жазылған парақша ұсынылды. Топ мүшелері сол көрсетілген терминдердің қазақша баламаларын айтып берді. Орындалған тапсырмалар қазылар алқасына шешім шығаруға жолданды.
Жаңаөзендік ұстаздар жарысқа түстіБайқау қорытындысы бойынша 3 орынға №2 орта мектептің «Жас Қыран», №1 орта мектептің «Жас Қыран», №20 орта мектептің «Қыран» және Жаңаөзен политехникалық колледжінің «Рухани жаңғыру» тобы ие болды. Жүлделі 2 орынды №7 орта мектептің «Самғау», Сүгір Бегендікұлы атындағы №4 орта мектептің «Бәйтерек», №9 орта мектептің «Парасат» және Каспий педагогика және салалық технологиялар колледжінің «Каспий» тобы қанжығалады. №11 орта мектептің «Көшбасшы» және О.Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриалды техникалық колледжінің «Шаңырақ» тобы 1 орынға лайық деп танылды. Ал сайыс бойы ерекше дайындығын көрсетіп, білімі мен сахнада өздерін орынды ұстаған №15 орта мектептің ұстаздары бас жүлдені иеленді.

Әсел ҚОЙШЫБАЕВА