Қазақстанның үшінші жаңғыруы — білім берудің үлесі. Биылғы республикалық тамыз кеңесі осы тақырыпқа арналады. Барлық аймақта Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген білім беру жүйесінің қызметі және оны ары қарай дамыту келешегі талқылануда.
Мектеп — бастапқы білім тірегі, оның сапасы, тек өскелең ұрпақтың тағдырына ғана емес, ел тағдырына да түбегейлі қатысты. Ұстаздардың айтуынша, бүгінгі білім саласы заманауи үлгілеріне сай болуы керек. Яғни, мектептер мен балабақшаларда инновациялық технологиялар мен ғылыми үрдістердің жаппай қолданылуы — ол өмір талабы. Осындай жаңа әдістемелер мен нақты бағдарламалардың маңыздылығы, мәнділігі ұстаздардың дәстүрлі тамыз конференциясында талқыланды, айқындалды. «Мұнайшы» мәдениет үйінде өткен жаңаөзендік білім қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі тақырыбы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы — білімнің үлесі» деп аталды. Жиын басталмастан бұрын қатысушылар мәдениет үйінің фойесінде қаладағы білім беру мекемелерінің презентациялық көрмесін және қала өнерпаздарының концертін тамашалады. Жаңа оқу жылының басты міндеттерін айқындаған алқалы жиынға қала әкімі Елубай Әбілов, қалалық мәслихат депутаттары, қаладағы мекеме басшылары, облыстық білім басқармасының басшысы және зиялы қауым өкілдері қатысты. Қаланың білім саласында 2016-2017 оқу жылында атқарылған жұмыстардың қорытынды есебі LED экраннан бейнесюжет арқылы көрсетілді. Алдымен мінберге көтерілген қала әкімі атқарылған жұмыстар мен алдағы оқу жылына міндеттер туралы баяндама жасады.
— Өздеріңізбен жыл сайын бас қосып, алқа құрып, ақыл қосатын ілім мен білім мәселесі — таптаурын болған жай сөз, дабырға айналған кезекті жиын емес. Бұл — білімді ұрпақ, тәлімді шәкірт, зерделі буын қалыптастырудың басты жолы. Өскелең өміріміз әрбір білім ошақтары мен ұстаздар қауымынан жаңашылдықты, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қаланың білім саласы қызметкерлері қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыруға ерекше назар аударуы қажет. Тамыз кеңесі ұстаздар қауымы үшін үкілі үмітке, жаңа бастама, соны жаңалықтарға толы болып, еңбектері жана берсін деген тілек білдіремін, — деді қала басшысы. Мектеп әкімшіліктеріне жалпы білім сапасын көтеруді, ата-аналармен жұмысты жандандыруды, мұғалімдердің сапасын жақсартуды, жасөспірімдердің тәрбиесімен жан-жақты айналысуды тапсырды.
Тамыз кеңесін ұстаздардың асыға күтетіні — кәсіби еңбектерінің бағаланып, дараланып көрінетін кезеңі тамыз айы. Осы кезеңде Елубай Жақайұлы үздік мектептер мен үздік мұғалімдерді марапаттады. Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін №10 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Құралай Шалабаева, №10 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Валя Қонысбаева, №20 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қарлығаш Жалғасбаева Құрмет Грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар мұғалімге қала әкімінің Алғыс хаты табысталды. Оларға «Технодом» сауда орталығының 20000 теңге сертификаты және «Кендірлі» демалыс аймағына жолдама берілді. Биылғы Ұлттық Бірыңғай Тестілеу бойынша облыс, қаладағы үздік бестікте көш бастап тұрған мектеп ұжымдарына қала әкімінің арнайы 50000 теңге сертификаты тапсырылды. Олар: мектеп-гимназия, мектеп- лицей, №3 орта мектеп, №18 орта мектеп және №8 орта мектеп.
Содан кейін зал толы ұстаздар қауым назарына №20 орта мектептің математика пәні мұғалімі Талғат Көптілеуовтың «Бәсекеге қабілетті білім — бәсекеге қабілетті ұлт негізі», №26 «Шапағат» балабақшасының тәрбиешісі Гүлбаршын Жауғаштиеваның «Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеуді ұйымдастыруда енгізілген өзгерістер», «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжінің директоры Исенбай Қалдамановтың «Кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттары», Маңғыстау облыстық денсаулық басқармасы басшысының Жаңаөзен қаласы бойынша орынбасары Сәнім Танаеваның «Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсарту бағытындағы жұмыстар», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының Ақтау қаласындағы филиалының директоры Қатира Боранбаеваның «Жаңартылған білім жүйесіне көшуге педагогтардың дайындығы» тақырыбында баяндамалары ұсынылды. Жиын барысында Қатира Қарасайқызы және «Өзенмұнайгаз» АҚ транспорт жөніндегі басқарушы директоры бірқатар мұғалімдерді Алғыс хатпен және арнайы сыйлықпен марапаттады.
Тамыз кеңесі: жаңа міндеттер мен мақсаттарТамыз кеңесінің ресми бөлігі мұғалімдер қатарын толықтырып, алғаш еңбек жолын бастағалы келген жас мамандарды қарсы алумен жалғасын тапты. Өңірдің білім сапасына үлес қосуына білек сыбанған жас мамандарға мектеп-гимназияның математика пәні мұғалімі, ардагер ұстаз Жиенбай Абдуллаев ақ жол тілеп, батасын берді.

Гүлсім МҰРЫНОВА