Жақында ауылдық жерлердегі халыққа заңгерлік көмек көрсету мақсатында және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысында берілген тапсырмаға сәйкес,  заңдық кеңес беру тобы Басқұдық ауылының тұрғындарымен кездесті.

IMG_7310

Кездесуді аудан әкімшілігі ұйымдастырды. Топ құрамында облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Бақытжан Сәрсенбаев, Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстан халықтары бюросы Маңғыстау облыстық филиалының заңгері Айгүл Досымбекова, «Мейірім» қоғамдық бірлестігінің заңгері Игнат Ходжаев, «Рай» әлеуметтік шұғыл көмек көрсету орталығының заңгері Сүлеймен Оразалиев  болды. Басқосуда олар өз саласының шеңберінде ақпарат берді.

Игнат Ходжаев: » «Мейірім» ҚБ мигранттар және адам саудасының құрбандарымен жұмыс жасайды. Мигранттардың мәселесі негізінен құжатын жоғалтуы немесе оны жұмыс берушінің тартып алуы, қолдану мерзімінің өтіп кетуі, келіп-кетумен байланысты болады. Сондай себептерден елімізге келіп, үйіне қайта алмай немесе елден жұмыс жасауға сыртелге аттанып, орала алмай жүрген азаматтарға көмектесеміз. Осындай бір оқиға Краснодар өлкесіне жұмысқа барған бейнеулік жігітпен кездесті. Жұмыс берушісі құжаттарын алып, сыртынан өзге біреуге сатып жібереді. Біздің ұйым аталғандай түйткілге тап болғандардың мәселесін шешуге жәрдемдеседі,-десе, Айгүл Досымбекова адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі халықаралық бюроның аймақтық филиалы өз міндетіне сай, Біріккен Ұлттар Ұйымының жобасы шеңберінде жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды.

— Бұл жоба БҰҰ-ның азаматтығы жоқ тұлғалар мен босқындар жөніндегі бағдарламасы бойынша іске асырылуда. Жоба Маңғыстау өңірінде 2015 жылдың сәуір айында басталды, ағымдағы жыл соңына дейін жалғасады. Осы бойынша біз азаматтығы жоқ тұлғалардың құжаттануына заңдық жағынан бағыт-бағдар, көмек береміз. Арамызда қазірге дейін КСРО төлқұжатымен жүргендер де бар. Күніне сондай және басқа мәселелермен 5-10 адамды қабылдаймыз. Кейбіреулері өзге елден көшіп келіп, әліге дейін бұрыңғы құжатымен жүргендер. Енді басқалары құжаттарынан түрлі себептермен айырылып қалып, өз басын куәліндіре алмайды. Олардың мәселесін шешу үшін түрлі мекемелермен байналысып, шетел елшіліктеріне хат жібереміз,-деді  А.Досымбекова.

Оның сөзінше, ұйымға 2016 жылы 500 адам хабарласыпты. Осы күнге дейін соның  50-нің құжаттары қалпына келтірілген. Көрсеткіштің онша үлкен болмау себебін А.Досымбекова әр елдің заңдылығында сұранысқа жауап беру, анықтама жіберу үдерістеріне жұмсалатын уақыттың әртүрлі болуымен түсіндірді.

«Рай» әлеуметтік шұғыл көмек көрсету орталығының заңгері С.Оразалиев те өз мекемесінің қызметі жайында айтты. Ана мен баланы, кәмелетке толмағандарды қорғау бойынша орталықтан берілетін қолдаулар туралы тілге тиек етті. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болып, барар жер, басар тау қалмағанда үш тәулікке дейін орталықтан пана табуға, өмірге сенімін нығайтар ақыл-кеңес алуға болады, деді ол.

Ал ауылдың әжелер кеңесінің мүшесі Жібек Гүлманова болса өзі кездескен өзбекстандық азаматтардың қиын тағдырын сөз етті. Айтуынша, құрылыс салуға отбасымен келген ерлі-зайыптының құжатын бермей қойған «қожайыны» келіншектің аяғының ауырлығына да қарамаған. Әйел мәжбүрліктен осында босанып, құжатсыз баланы дүниеге әкелген.

Өзге қатысушылар да мамандарға залдан және жеке түрде көкейдегі сауалдарын жолдап, жауап алды.

Шахида ЖҰМАНОВА