Биыл да Ұлыстың ұлы күнін Ақтау жұртшылығы жоғары деңгейде атап өтті. Мерекеге орай теңіз жағалауына қаз-қатар 25 киіз үй тігіліп, ұлттық дәстүрдің барлық көрінісі қамтылған ұлан асыр мерекелік шара өтті.

         2

Шара аясында «Салтым-салтанатым, дәстүрім-діңгегім» деп аталатын этнографиялық киіз үйлер байқауында Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы үздік танылып, І-орынға ие болды. Дәрігерлерге жүлдені Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов табыстады. Айта кету керек, бұл жолы денсаулық сақтау басқармасының атынан киіз үйді тігу Маңғыстау облыстық ауруханасына жүктелген болатын.

         -Байқауда киіз үйдің әдемілігіне, ішінің жасақталуына, ұлттық тағамдардың дайындалуына, ұжымның салт-дәстүрілерді насихаттауына көңіл бөлінді. Бұл жолы дәрігерлер қауымы халқымыздың бесікке салу рәсімін көрсетті. Барлығымыз қазақтың ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тағамдарымызды дайындап, әдемі ән мен астарлы әзілмен мерекені жоғары дейгейде атап өттік. Байқауда үздік танылып, жүлделі орынмен марапатталғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл — ұжымның еңбегі,-дейді Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры Нұрлан Мұханов.

         Байқау қорытындысында екінші орын «Шотан батыр» қоғамдық қорына бұйырса, үшінші орынға «Цеснабанк» ұжымы ие болды.

Венера МИРЛАН

4