29 наурыз күні  Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Қаламқас кенорнына барып, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ-ның өндірістік және қаржылық-шаруашылық қызметімен танысты.

 — «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қоры 1 124 896 мың тоннаны құрайды, соның ішінде, «Қаламқас» кенорны – 638 723 мың тоннаны, «Жетібай» — 348 304 мың тоннаны, «Жетібай тобы» — 137 869 мың тоннаны құрап отыр. Осы жылдың 1-қаңтарындағы ақпарат бойынша, кәсіпорында 5517 адам қызмет етеді, оның ішінде, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметін көрсететін қызметкерлердің саны 8754 адамға жетіп отыр. Отандық тауарларға қатысты міндетті орындау бойынша 2016 жылы жергілікті өндірушілерден  44% тауар, 81% жұмыс және 87% қызмет алынды. Бүгінгі таңда «Қаламқас» және «Қаражанбас» кенорындарында ауыз суының жетіспеушілігі қатты байқалады. Сондықтан, өзімізді де, басқа да кенорындарын сапалы ауыз суымен қамтамасыз ететін су тұщыту зауытының құрылыс жобасын жасақтағымыз келеді, — деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев.

Содан кейін аймақ басшысы мұнайды қайта айдау және кешенді дайындау цехымен және мұнайды газсыздандыруға, ілеспе газды тазалау мен іріктеуге, артық қысыммен қабаттағы суды төгуге арналған алдын-ала су төгу-1 қондырғысын қайта құру құрылысының алаңымен танысты.

????????????????????????????????????

2015 жылы «Қаламқас» кенорнының №1580 өндіруші ұңғымасында полимерді айдаудан тәжірибелі-өндірістік сынау басталды. Тәжірибелі орынның геологиялық қоры 2143 мың тоннаны құрайды. Айдаудың бастапқы кезіндегі мұнай шығару коэффициенті (МШК) 39,6% деңгейде болды. Облыс басшысы Ералы Тоғжановқа хабарлағандай, 2017 жылдың басында қосымша мұнай өндіру көлемі 5340,7 тоннаны, орташа тәуліктік өсім 1 ұңғыма үшін – 6,5 тоннаны құрады. 2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін 2254 тонна полимер реагенті жұмсалады.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Ералы Тоғжанов 2014 жылы жүзеге асырылған ТҚ-48 топтық қондырғы мен газ турбиналы электр бекетіне барды. Оның іске қосылғанынан бастап 2017 жылдың наурыз айына дейін «МАЭК-Қазатом өнеркәсіп» ЖШС және «МЭБК» АҚ-ның қолданыстағы тарифі бойынша үнемділік жиынтығы 6,943 млрд. теңгені құрады, сонымен қатар, желілер бойынша апаттық өшірулерге байланысты мұнай шығыны да азайды. Бүгінгі таңда мұнда 31 маман жұмыс істейді.

Сонымен бірге, Ералы Тоғжанов кәсіпорын ұжымымен кездесіп, мұнайшылардың демалыс орны мен тұратын ғимараттарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен, вахталық ауылдағы жатақханамен және спорттық-сауықтыру кешенімен танысты.

Дәл осы күні Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен «Қаражанбас» кенорнына да барды. Алдымен өңір басшысы бу дайындайтын цехтың жұмысымен танысып, содан кейін «ТКБжҰҚК» ЖШС өндірістік базасы мен инженерлік-техникалық қызмет орталығына барды.

Каламкас 2— Кенорындағы жұмыс жасап тұрған ұңғымалардың қоры 3532 ұңғыманы құрайды. Жер қойнауын пайдалануға берілген келісімшарттың ағымдағы мерзімі 2035 жылға дейін. «Қаражанбасмұнай» компаниясының тобында 5000 адам қызмет етеді. Ал компания нысандарына 7000-нан астам адам тартылған. Бүгін де біздің қызметіміз қолдау көрсететін инновацияға бағытталған. Мұнай өндіру мен мұнай шығару коэффициентінің жобалық көрсеткішін арттыру үшін кенорынның орталық бөлігінде полимерлік суландыруды қолдануда тәжірибелік-өндірістік сынақтар белсенді түрде жүргізіліп отыр. Сонымен қатар, біздер қабаттағы суды тазалайтын зауыт құрылысының жобасын жасақтап, оны 2019 жылы іске асыруды жоспарлап отырмыз. Зауыттың өнімділігі – тәулігіне 1500-1700 текше метрді құрайды, — деп атап өтті «Қаражанбасмұнай» АҚ президенті Есен Қайыржан.

Содан кейін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов вахталық ауылда тұратын мұнайшылардың тұрмыстық жағдайымен танысты.

— «Қаламқас» және «Қаражанбас» кенорындары мұнай қоры мен қызметкерлер санының көптігі жағынан ең ірі кәсіпорындардың қатарына кіреді. Мекеменің әр қызметкері аймақтың дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Сондықтан, жұмысшылар үшін қолайлы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалуы керек, — деді Ералы Тоғжанов.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ