Сайын Қалмағамбетов,
Мұнайлы аудандық ардагерлер кеңесінің Батыр ауылдық бастауыш ұйымының төрағасы:

— Соңғы кездері жер мәселесі туралы әңгіме шығып, қоғамды дүрліктіріп әкетті. Алайда Елбасымыз бұл әңгімеге нүктесін қойып, жердің шетелдіктерге сатылмайтынын, қазақтың жері — ең басты байлығымыз екенін атап айтты. Осыны, біз, ақсақалдар естімегендерге жеткізіп, Елбасының халыққа жасап жатқан жақсылығын айтып, саясатын қолдап, Жолдауын орындап, береке-бірлікті сақтап түсінік жүргізуіміз керек. Халықтың бірлігі болса ғана біз алға өрлейміз. Мәселені ушықтырып, халықтың басын шыр айналдырып отырған арандатушы топтар арамызда бар. Жердің сатылмайтынын, жалға берілсе, Қазақстан азаматтарына берілетінін, жерді алғандар ол жерді меңгеріп, халыққа пайдалы бағытқа жұмсайтынын айтудамыз.
Айтарым, алып-қашпа әңгімеге ермей, бүлікке жол бермей, сабыр сақтайық, әр нәрсенің байыбына бармастан аттанға салмауымыз керек. Ауданымыздың өзінде аз уақытта мектеп те, аурухана да салынды. Балаларымыз оқып жатыр. Шетелде оқып жатқан жастарымыз бар. Еңбек етем дегеннің ешкім қолын қақпайды. Өз ұрпағымызға жақсы тарих қалдырып, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетуіміз керек!
Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерекесі мен келіп жеткен Бірлік пен Береке, ырыс пен ынтымақ күні құтты болсын! Біз, қазақ халқы көп қиындық көрдік, соның бәрін сабырмен, салқын оймен жеңдік. «Аштықта жеген құйқаның дәмі» әлі таңдайымыздан кетпейді, сол кездерді ұмытпайық, өткенімізге салауат айтып, келешектен көп үміт күтейік, ағайын!