Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының» ұйымдастыруымен өткен республикалық семинарда 70 дәрігер білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттырды.

«Қазақстан Республикасында қауіпсіз иммундау жүйесін жетілдіру» тақырыбында облыстық қан орталығында өткен семинарға Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарының дәрігерлері қатысты. Семинарда «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының» эпидемиологиялық мониторинг департамент директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Семинар барысында дүниежүзіндегі және Қазақстандағы екпемен басқарылатын инфекциялар бойынша қазіргі заманғы эпидемиологиялық ахуал, қауіпсіз иммундауды ұйымдастыру қағидаттары, егумен қамту, екпеден бас тарту, профилактикалық егулерді жүргізу көрсеткіштері мен оған қарсы көрсетілімдері туралы мәселелер жан-жақты талқыланып, айтылды.

        6

— Негізгі семинарлар Алматы қаласында жылына екі рет өткізіліп тұрады. Оған әр аймақтан 3-4 дәрігер келіп қатысатын. Енді бұл жолы әр өңірге өзіміз барып, кең ауқымда, үлкен аудиторияда семинар ұйымдастырғанды жөн көрдік. Семинарға тек қаладағы дәрігерлер ғана емес аудандық ауруханаларда, ауылдық жердегі медицина мекемелерінде жұмыс істейтін мамандар қатысып отыр. Бір күндік семинарда барлық тақырыпты қамту мүмкін емес, алайда осы саладағы соңғы жаңалықтармен таныстыруға басымдылық береміз. Екпеден бас тартқан ата-аналарға айтарым түрлі аурулардан қорғанудың жолы-екпе егу. Төрт не алты түрлі инфекцияның алдын алу үшін балаға бір ғана екпе егіледі. Әрине қабылдамас бұрын дәрігерлер баланың денсаулығын жан-жақты тексереді. Қазір ата-аналар ғаламтордан, басқа да ақпарат көздерінен екпе ағзаға зиянды деген ақпарат естіп алып, шатасып жүр,-деген «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының» эпидемиологиялық мониторинг департамент директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева өткен жылы елімізде 3000 ата-ана балаларына екпе егуден бас тартқан болса, биыл бұл көрсеткіш 8000-ға жеткенін атап өтті.

Семинарға қатысушылар білімдерін бекітіп, өзара тәжірибе де алмасты. Қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Мұндай шара еліміздің өзге де өңірлерінде ұйымдастырылмақ.

Венера МИРЛАН

8

9