жазушы Әбіш Кекілбайұлы
Сурет сайт архивінен

Жуырда Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойына орай «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Кемел елдің кемеңгер қаламгері» атты әдеби-әдістемелік кеш өтті. Біртуар жазушының ғұмыры мен шығармашылық баянын қатар зерттеген ұстаздар қауымынан бөлек айтулы шараға «Болашақ» колледжінің студенттері қатысты. Кештің басты мақсаты – сөз зергерінің шығармаларын келешек ұрпақ жадында жаңғырту.

«Атадан асыл туса, белгілі бақыт деседі» деп бабаларымыз айтқандай Әбіш Кекілбаев қазақ әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетіне қонған бақтың бірі болды. Шыңғыс Айтматовтың «Әбіштің еңбегі елі үшін, қаламы рухы үшін, ақыл-ойы заман үшін» деген сөзі жоғарыда біз айтып өткен жолдың айқын дәлелі. Одан бөлек биыл «Әбіштану: ұлттық рухани нәр» жобасы аясында және «Бір ел – бір кітап» бағдарламасының негізінде Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасы оқуға ұсынылған жыл кітабы болып танылды. Дәуіріміздің кемеңгер қаламгері әдебиет айдынына алғашында поэзия арқылы келіп, кейіннен әлем назарын өзінің пайымды ойымен ерекшеленетін прозалық дүниелерімен мойындатты. Бүгінгі күніне шеберлікпен талдау жасай білген жазушы саясаткерлік, қайраткерлік қырынан да ел жадында сақталды.

Әдеби-әдістемелік кеште өңіріміздің әр ауданынан жиналған тарих және әдебиет пәнінің жас мұғалімдері қаламгер хақында баяндамалар жасап, еркін талдау жүргізді. Сондай-ақ, жазушының жастық шағында поэзия турасында қалам сілтегенін нәсихаттау мақсатында студенттер Әбіш аталарының көркем ойға құрылған өлеңдерін жатқа оқыды. Бейнеу ауданы, Сам орта мектебі, тарих пәнінің жас мұғалімі Бағила Айсұлтанова «Әбіш шығармаларындағы Жәңгірхан» хақында баяндама жасап, қазақ даласындағы ең алғашқы мектепті 1841 жылы Жәңгірхан іргесін қалатқаны жайлы ой тастап, түйін жасады. Ақтау қаласындағы №10 орта мектебі, тарих пәнінің мұғалімі Айнұр Медетова жазушы шығармаларынан есімі ұшырасатын Төлеп батырдың ел қорғау жолында жасаған ерліктерін айтып өтсе, Ақтау қаласындағы №9 орта мектебі, биология пәнінің мұғалімі Амангүл Дүйсенова «Әбіш шығармаларындағы Нәдіршах» турасында баяндап, Нәдіршахтың жорық жырауы, есімі елге әйгілі Махамбет батырдың атасы болғанын дәлелдеп шықты.

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен кітапхана» дейтін Әбіш Кекілбаевтың сөзі елге мәлім. Кітапханашы Ақкүріш Өтебекова «Әбіш әлемі» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, студенттерге жүйелі оқу түрін таныстырды.

— Әбіш Кекілбаев көзі тірісінде-ақ әлем әдебиетінің ең озық 100 жазушысының қатарына Шыңғыс Айтматовпен қатар енген. Қаламгердің әдебиетте ашқан ең басты жаңалығы – адамзат дүниесіне көшпенділер көзімен қарай білу болатын, — дейді Мұнайлы ауданы №8 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұлдыз Қуандықова.

Сонымен қатар, айтулы басқосуда ұлы қаламгерге арналған әндер де шырқалды. Кештен соң студенттер қауымына әдеби-әдістемелік сабақ оқытылып, Әбіш шығармаларын жүйелі түрде түсіндіруге қолайлы мәліметтер таратылды.

— Әбіш шығармалары көбіне тарихпен, адамның ішкі сезіну түйсігімен үндес. Жәңгірхан мен Махамбет батыр турасында келісімді түсінік қалыптастыруға сіңірген еңбегі өте мол. Қазақ даласында сайрап жатқан көненің сөзін оқи білді. Әдебиетке құлшынған кез-келген жастардың алдынан Әбіш шығармалары ұшыраспай қоймайды. Әдеби-әдістемелік кеште жастар даланың сырын ұғам десе, қаламгер дүниесімен кеңінен танысып, тарихтың айтылмай қалған тұстарын терең ұғынуды үйренгені жөн, — деп филология ғылымдарының докторы, «Болашақ» колледжінің оқытушысы Жанбибі Дүйсенбаева кешті қорытындылады.

Мадияр ТӨЛЕУОВ