Жайдары жаз күндері тұрғындардың бәрі кешкі ауамен тыныстап, әсіресе, облыс орталығындағы қарт теңіз жағалауында серуендеуге құмар. Бұл, уақытта жасөспірімдер мен жастарға қатысты құқықбұзушылықтар жиі орын алады.

Маңғыстау облысының ІІД Жергілікті полиция қызметінің Ювеналды полиция тобы кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында, күні-түні қызмет етуде.

Ағымдағы жылдың 14-23 шілде аралығында Ақтау қаласы аумағында «Жасөспірім және жауапкершілік» атты жедел-сауықтыру шарасы өтті. Негізгі мақсат, балалар мен жасөспірімдердің ойын-сауық орындары мен тұрғын үйден тыс жерлерде түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі жағдайын болдырмау.

! Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 442-бабы, 2-бөлімі — Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүруі.

Кәмелетке толмағандарға сағат 23.00 – 6.00  аралығында тұрғын үйден тыс жерлерде заңды өкілінсіз жүруіне тыйым салынады.

Статистика:

Ақтау қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметкерлері жедел-сауықтыру шарасын жүргізген күндері түнгі қалада жауапсыз жүрген  15  жасөспірімді анықтады. Ал, 2016 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша – 544 кәмелетке толмаған тіркелген. Олардың ата-аналарына 3 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды, яғни, 6363 теңге.  Егер, бұл жағдай, жыл ішінде екінші рет қайталанса, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынып, жасөспірім одан әрі есепке алынады.

!  Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 442-бабы,          1-бөлімі — Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық, көңіл-көтеру орындарында болуы.

Кәмелетке толмағандарға сағат 22.00 – 6.00  аралығында ойын-сауық орындарында заңды өкілінсіз жүруіне тыйым салынады.

Статистика:

Ақтау қалалық ІІБ ЖПҚ Ювеналды полиция тобы түнгі уақытта жүргізілген жедел-сауықтыру шарасы шеңберінде тағы 5 жасөспірімді анықтаса, 6 айда – 19 кәмелетке толмаған жас ойын-сауық мекемелерінен анықталған. Жауапкершілікке тартылған ата-аналарға 3 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынды.

! Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 132 бабы – Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол беру.

Кәмелетке толмағандарға сағат 22.00-6.00 аралығында ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілінсіз жүруіне және жұмыс жасауына тыйым салынады. Құқықбұзушылыққа жол берген нысан иесі, не болмаса, сол уақыттағы үйлестіруші (админстратор) жауапқа тартылып, әкімшілік хаттама жасақталады.

Статистика:

Ақтау қалалық ІІБ ЖПҚ есебі бойынша,  2016  жылдың 14-23 шілде аралығында жүргізілген рейдтік шара аясында —  4, ал, 6 айда – 12 жасөспірім анықталған. Жеке тұлға, яғни, ойын-сауық мекемесінің үйлестірушісіне 30 айлық есептік көрсеткіште, мекеме қожайындарына бизнес деңгейіне қарай,  45-тен 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Және жасөспірімнің ата-анасы да жауапкершілікке тартылады.

Маңғыстау облысының ІІД Жергілікті полиция қызметінің Ювеналды полиция тобының есебіне сүйенетін болсақ, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден басқа жерлерде және ойын-сауық мекемелерінде жүруі бойынша – 2271 дерек анықталды. 2015 жылмен салыстырғанда – 300 дерекке өсіп отыр.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген – 33 дерек тіркелсе, былтырмен салыстырғанда 11 дерекке артқан.

Маңғыстау облысының тұрғындары мен қонақтарының назарына!

Есте сақтаңыз!

Кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілі – оның ата-анасы! Сондықтан, жоғарыда көрсетілген уақыттарда балаңызды өзіңізбен бірге болмаса, тұрғын үйден тысқа шығаруға тыйым салынады! Түнгі уақытта полиция қызметкерлеріне ұсталған кәмелетке толмағандар тек қана ата-анасының келуімен ғана босатылады. Егер де, ата-анасы жоқ жағдайда, заңды қамқоршысы құжаттарымен келуі тиіс!

Жергілікті полиция қызметінің мақсаты: Сіздің балаңыздың қауіпсіздігін сақтау, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу.

Бала демалысының бұзылмауы үшін – оларды үнемі бақылауда ұстаңыз!

Бауыржан ӘНУАРБЕК
МО ІІД Жергілікті полиция қызметінің
БАҚ және қоғаммен байланыс маманы