Еліміз Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде құрылыс қанатын кеңге жайып, әлеуметтік-экономикалық әлеует әлденді. Елдің есею жылдарында екпінді сала еңсе тіктеп, ілкімді істер ілгеріледі. Қыз-қыз қайнаған құрылыстың бүгінгідей беталысы алыстағы ауылдың ажарын ашып, қаланың кескін-келбетін көріктендіре түсті. Құрыш білек құрылысшылар мерекесі қарсаңында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Орақ АЯПОВҚА жолығып, сұхбаттасқан едік.

О.Аяпов

– Орақ Махмұтұлы, кез келген мемлекеттің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты екені белгілі. Осы орайда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында облыс көлемінде қандай құрылыстардың іргетасы қаланды?

–Биыл Маңғыстау облысында жоспар бойынша 440 мың шаршы метр тұрғын үй тапсыру жоспарланған болатын. Қазіргі таңда біз 399 мың шаршы метр тұрғын үйді ел игілігіне пайдалануға бердік. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға артық. Ағымдағы жылдың аяғына дейін 650 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырып, халықты баспанамен қамтуды 20-25 пайызға артығымен орындаймыз.

Осы жылы өңірімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Жаңаөзен қаласындағы Арай шағынауданында 320 орындық балабақшаның, облыс орталығындағы 34 шағынауданда 60 пәтерлік 4 тұрғын үйдің және Мұнайлы ауданында 24 пәтерлік 12 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Әлеуметтік маңыздағы құрылыстардың бой көтеруіне республикалық бюджеттен 16 миллиардқа жуық қаржы қарастырылып отыр. Бұл баспаналар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да кезекте тұрған салымшыларға үлестіріледі. Сондай-ақ биыл «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ның бастауымен Ақтауда 600 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталды. 37 мың 500 шаршы метр болатын тұрғын үйді жыл аяғына дейін тапсыру жоспарланған. Сонымен қатар Түпқараған, Мұнайлы аудандарын және Ақтау қаласын инженерлік желілермен қамтуға республикалық бюджеттен 8 млрд. теңге қаржы қаралды. Мәселен, инженерлік желілермен қамту нысандарының екеуі биыл аяқталса, қалғаны келесі жылы бітеді. Облыс көлемінде инженерлік желілермен қамтуды жақсартуды алдыңғы орынға қойдық.

–Қаланың көркіне нұқсан келтірер, құрылысы тоқтап тұрған нысандар қашан қайта жанданып, іске қосылады?

–Құрылысы ұзақ уақытқа созылған Аққу-1 шағынауданының 1-кезеңі талаптарға сай емес болғандықтан, жоба қайтадан түзетуден өтті. Қазіргі таңда сараптама жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты қайтадан жандандыруға 500 млн. теңге бөліп, жергілікті мекемелердің қолдауымен жыл аяғына дейін бітіреміз. Сондай-ақ қаладағы 100 төсектік онкологиялық диспансердің жобасы да мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Тамыз айының аяғына дейін оң қорытындысы алынып, құрылыс жұмыстары басталады. 14 шағынауданда неке сарайы мен «Тамшалы» тұрғын үй кешінінің ортасында коммерциялық бағытта салынып жатқан көпқабатты үйдің құрылысын келесі жылдың I тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

– Сапалы құрылыс – басты қауіпсіздік. Өзге облыстарда орын алып жатқан жағдайларға байланысты халық құрылыстың сапасына алаңдайды. Өңірімізде жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасын бақылау жағы қалай?

–Аймағымызда салынып жатқан құрылыстардың сапасы жан-жақты бақылауда. Ең алдымен, тапсырыс беруші құрылыс барысын толығымен қадағалайды. Негізі, құрылыс нысанының сапалы болуы сауатты әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаға және жобалау тапсырмасының дұрыс берiлуiне байланысты. Сондықтан тапсырыс беруші әу бастан-ақ жобалық-сметалық құжаттаманың жасалуына жоғары талап қойып, бақылауға алуы шарт. Техникалық қадағалаушы мен жобаның авторлары да құрылыстың егжей-тегжейлі жұмыстарын бақылауда ұстайды. Облыс, қала мен аудандарда жергілікті деңгейдегі депутаттар да құрылыстырды тексеріп, ұсыныстарын береді. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы тарапынан да қадағалау жүргізіледі. Облыстағы салынған құрылыстардың сапасын жақсы деп айтуға болады.

–Өңірімізде әр түрлі маңызда салынып жатқан құрылыстарға отандық өнімдер қаншалықты қолданылады?

– Кейінгі жылдары елімізде, оның ішінде біздің облысымызда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа зауыттар іске қосылып, өндірістік қуат еселене түсті. Бұрын өзге облыстардан тасымалданатын құрылысқа қажетті материалдар мен өнімдер өзімізден шыға бастады. Мәселен, соңғы кездері шебін, тас карьерлерінің жұмысы жүйелі жолға қойылды. Жергілікті кәсіпкерлер мен зауыттар өндіретін темір бетон бұйымдары, қиыршық тас, ұлу тас, пластик терезелер, цемент, битум және тағы да басқа өнімдер құрылыста жиі қолданылады.

–Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту ретінде қандай ғимараттардың құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі?

–Еліміз Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде құрылыс қарқыны кең өріс алып, әлеуметтік-экономикалық жағдаймызды жақсартып, халықтың тұрмысын түзеткен жаңа нысандар ел игілігіне берілді. Егемендіктің 25 жылдығында да халыққа қызмет көрсететін ғимараттар салынып, қоныс тойы тойланады. Мәселен, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 31 шағынауданда кірістер департаменті, 33 шағынауданда спорт кешені, Бейнеу ауданында 900 орындық Манашы орта мектебі, Жаңаөзенде кәріздік тазалау ғимараты және облыс орталығында салық ғимараты пайдалануға беріледі. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың көмегімен 34 шағынауданда жүргізіліп жатқан Достық үйінің құрылысы биыл бітеді. Жыл басынан бері облыс көлемінде аяқталған үлкенді- кішілі құрылыс нысандары іске қосылды.

Бас жоспарға сәйкес, Ақтау қаласы солтүстік батысқа қарай өсіп, кеңейіп келеді. Жаңа шағынаудандарда тұрғын үй құрылысы мен инженерлік желілерді тарту жұмыстары жолға қойылған. Қазіргі таңда 34 шағынауданда құрылыс жұмыстары қарқын алды. 32 а шағынауданда бір мектеп пен екі балабақша, 19 шағынауданда мектеп салуға жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Биыл «Арго» кафесінен бастап, 15-шағынауданға дейінгі теңіз жағалауын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жалғасады.

– Сұхбатыңызға рахмет! Барша құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне жеміс, шаңырақтарына бақ-береке тілейміз!

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ