«Тек кәсібің заңның шеңберінде болсын» — дейді балық қорғаушылар

Қарт Каспий мыңдаған жылдар бойы өзін жағалаған сан түрлі халықтардың несібесін ортайтпай, күнкөрісінің көзі болып, асырап келді. Алайда, біз өмір сүріп отырған қым-қуыт дәуір оған да оңай тимеген сияқты. Егер, 1980 жылдардың соңында Каспийде қызыл балықтың әлемдік қорының 90 пайызы болса, соңғы 10 жылдың ішінде ғана ол 35-40 есе азайыпты. Ал, бұл ойран жыл сайын еселене түсуде. Бүгінде, қызыл балық тұқымдастардың бәрі де Каспийде құрып бара жатқан балық түрлеріне жатқызылған.

Табиғат қорғаушылардың пікірінше, Каспийдің Қазақстан, Түрікменстан, Әзірбайжан және Ресейге қарасты жағалауларында балыққа құрылған аулардың жалпы ұзындығы Жер шарын 2-3 рет орап алуға жететін көрінеді. Бұл – Каспийге қарсы майдан ашқан заңсыз балық аулаушы қасақылардың – браконьерлердің құралы! Олардың қолында қуатты моторлар қос-қостап салынған жүйрік катерлер, спутниктік байланыс құралдары, түнде көретін дүрбілер, тіпті, автоматты атыс құралдарына дейін бар. Былай қарағанда – армия! Қарт Каспийдің діңкесін құртып, қанын сорып отырған осы армия. 2010-жылы Ресей нарыққа заңды түрде алынған 19 тонна қара уылдырық шығарса, жасырын каналдар арқылы заңсыз алынған 225 тонна уылдырық шыққан. Біздің елімізде де осыған ұқсас жағдай.

Әрине, теңіз байлығын қорғаушылар да қарап отырған жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанда теңіз шекарашылары, Табиғат қорғау прокуратурасы, Табиғат қорғау полициясы және Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және Жануарлар дүниесі комитеті Каспий байлығын қорғауға жұмылдырылған. Жыл сайын толып жатқан табиғат қаскөйі ау-құралымен, қайығымен қолға түсіп, жазасын алып жатыр. Олардың арасында теңіздің арғы жағынан келіп, ұсталып, пүшәйман болып қалғандары да баршылық. Бірақ, өкінішке орай, қаскөйлердің саны да, олардың зияны да азаяр емес. Қайтпек керек?

Біз осы сұрақты Орман шаруашылығы және Жануарлар дүниесі комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторы Хадис Машанұлы Баймағамбет мырзаға қойып едік. Ол кісі мәселені «Каспий байлығын жазалау, тыйым салу жолымен емес, керісінше атакәсіп – балықшылықты дамыту, қол жетімді қылу арқылы қорғау керек» деген тың ой айтты. Енді сол сұхбатымыздың ұзын-ырғасын оқырманға ұсынамыз.

 -Сіз осы өңірдегі байырғы, тәжірибелі табиғат сақшыларының бірісіз. Осы еңбек жолыңыз туралы аздап әңгімелеп беруіңізді сұраймын.

-Байырғы балықшының баласымын. Әкем өмір бойы балық аулайтын кеменің капитаны болды. Өзім 10 жылдай Маңғыстау балық тоңазыту флоты деген үлкен бірлестікте жұмыс істеп, комсомолдық жолдамамен осы жұмысқа ауыстым. Міне, 32 жыл болды, Каспийдің балық қорын қорғаушылардың сапындамын.

-Табиғат қаскөйлерінің қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіріп жатқанын көріп отырмыз. Осының басты себебі неде деп ойлайсыз? Жалпы, жұмыстарыңыздың барысынан мәліметтер бере отырсаңыз, оқырманымызға қызықты болар еді.

-Екі себебі бар. Біріншісі – амалсыздық, екіншісі – қанағатсыздық. Амалсыздық – күнкөрістің жоқтығынан туады. Жұмыс болмаса, қолдан басқа ештеме келмесе, теңіз жағасында тұрғасын, қолға ау-құрал алуға мәжбүр болғандар аз емес. Құдайға шүкір, біздің елімізде тыныштық, жұмыс та баршылық. Жастарымыз білімді, ынталы, шет тілдерін үйреніп, жақсы жұмысқа орналасып, кәсіпкерлікпен айналысып, жайлы тұрмыс кешуге ұмтылады. Сондықтан, амалсыздық – біздің жерлестерімізге келіңкіремейді. Теңіздің арғы жағынан келетіндердің жөні басқашалау. Ол жақта теңізден басқа кәсіп жоқ десе болады. От басын асырау үшін моторымен байда, ау-құралды жалға алады, кепілге үйлерін қояды. Соның өзінде балық аулайтын су алабы ол жақта жоқ, бәрінің иесі бар. Сондықтан, қауіп-қатерге бастарын тігіп, біздің жаққа дейін келіп жатыр. Ұсталып жатқандары да баршылық.

Қанағатсыздық – балық аулауды баюдың көзіне айналдырғандардың еншісінде. Табиғатқа басты зиян келтірушілер де осылар.

Қазір Теңіз шекарашыларымен, Табиғат қорғау полициясымен бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде, Маңғыстау аймағында браконьерліктің ауқымы қысқарып келе жатыр деп айта аламыз. Соның ішінде осы Түпқараған ауданындағы 5 адамнан тұратын біздің инспекциялық топ өзіне бекітіліп берілген алқаптағы табиғатты қорғау жұмысын жіті жүргізіп келеді. Мынадай мәліметтерді келтіре кетейін: Осы жылдың өткен мерзімінде біздің күшімізбен 54 адам қатысқан 47 заңсыз балық аулау, ауланған балықты 13 заңсыз тасымалдау фактілері ашылды, 4 іс сотқа жолданып, табиғатқа тигізілген 1,407 мың теңгеге жақын қаражаттың зияны анықталды. 550 килодай балық, 13 бірлік аулау құралы тәркіленді. 870 мың теңгедей айыппұл салынып, оның 488 мың теңгеге жақыны өндіріліп алынды.

-Шынында, теңіздің балық қорын қорғау бағытында нақты жұмыстар жүріп жатыр екен. Сіздіңше, Каспий байлығын қорғап қалу үшін осы жұмыстар жеткілікті ме?

-Жоқ. Каспий байлығын жазалау, тыйым салу жолымен емес, керісінше атакәсіп – балықшылықты дамыту, қол жетімді қылу арқылы қорғау керек. Яғни, көк теңіздің несібесін заңды жолмен алу керек. Біздің облыс аудандары мен қалаларының арасында Түпқараған – балық аулауға лицензиясы бар азаматтары ең аз аудан. Таушықта Меделбай деген жігіт бар. Ертеректе ол да заңсыз балық аулаймын деп, ұсталып, артынан заңды түрде тіркеліп, лицензиясын алып, жігіттерді топтастырып, қазір әжептәуір табыс тауып отыр. Ал, Форттың басында ондай жігіттер жоқ.

Аудан басшылары лицензия алып, аулауға рұқсат етілген балық түрлерін аулап, кәсіп ашамын деген азаматтарға мүмкін болған көмек, қолдау көрсетуге әзір. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев лицензия алып, балық аулаймын деген адам болса, қайық, мұздатқыш сатып алуға ең аз үстемемен несие алуға көмектесеміз дегенді айтып отыр. Алайда, ынталылар жоқ. Біз аудан әкімшілігінде осы мәселені жұртшылықпен бірнеше рет талқыладық. Қойылған сұрақтардың бәріне жауап бердік, заңнаманы түсіндірдік. Рас, бұл оңай кәсіп емес, қиындығы жетіп жатыр. Ең алдымен, ауланған өнімді қайда тапсырамыз дейді. Ақшұқырдағы «Қазосетр» зауыты қандай балық болса да, қандай мөлшерде болса да өзіміз келіп сатып аламыз деп отыр. Бірақ, мұздатқыш керек, егер, бірнеше жігіт бірігіп, ұйымдасып қолға алса, проблеманың салмағы жеңілдер еді. «Балық аулауға участок керек, оны өзіміз ала алмаймыз» дейді, егер лицензияңды алып, адамыңды жинап, ау-құралың, қайығың дайын болса, жергілікті әкімшілік бұл іске де көмектесеміз деп отыр. Жігіттер осыған бара алса, Меделбай құсап, қор жинап, артынан балық өңдейтін шағын цех ашуға мүмкіндік туады. Осылайша, заңды түрде табыс табуға мүмкіндік молайған сайын, заңсыз жолмен пайда тауып, онысымен қара басына қауіп тудыруға құлықтылар азаяды.

Жігіттер белсеніп шығып, батылырақ қимылдап, атакәсіпті қолға қайта алу керек. Заңның шеңберінен шықпай табылған табыс берекетті болатынын ұмытпайықшы. Әрі, азық-түлік – ешуақытта бағасын жоймайтын өнім, қашан да сұранысқа ие, тұрақты табыс көзі болатын өнім.

Жігіттерге тағы бір айтарым бар. Қазір біздің қала азаматтарында 40-тан астам байда қайығы бар. Алайда, олардың жартысынан астамы тіркелмеген. Заң қатайып келе жатыр, талап күшейді. Байда қайығы кәдімгі автомашина секілді тіркелуі, қажетті құтқару құралдарымен жабдықталуы тиіс. Олай болмағанда, ол қайық тартып алынып, иесіне қарайған айыппұл төлеттіреді. Бұл қазір қолға алынып жатыр. Осыған дейін бармайық, жігіттер, дегім келеді.

Теңізге шығуға рұқсат алу деген бар. Жағалаудан 12 мильге дейін мемлекеттің қарауындағы су алабы болып есептеледі, әрі қарай бейтарап алап. Осы 12 мильге дейін суда жүзу құралымен бару үшін рұқсат алу керек. Бұны біздің жігіттер елемейді. Бұл да заң жолымен жазалауға жатады.

Браконьерліктің жолын кесу үшін, әрине, әлеуметтік-экономикалық проблемалардың тұтас кешенін шешу керек екені түсінікті. Бірақ мен өз қызметімнің аясына кіретін мәселелерді ғана сөз етіп отырмын. Біз, табиғат қорғаушылары, Табиғат – туған анамыз. Оған қасақылық жасау – өзіміздің, ұрпағымыздың болашағына қасақылық жасау екенін баршаның ескере жүргенін қалаймыз.

— Заманның небір қиын кезеңдерінде де ата-бабаларымыз қара балық аулап, аштан өлмей, көштен қалмай, отбасын асырапты ғой. Қазір қолынан іс келетін, ынталы азаматтарға мүмкіндік көп. Сіздің ұсынысыңыз, ойыңыз біздің оқырмандарымыздан қолдау табады, атакәсіптің жаңғыруына бастау болар ілкімді шаруалар жасалады деп сенейік. Сұхбатыңызға рахмет!

 Сұхбаттасқан Анар РАХИМБЕКОВА